Ел экономикасына құйылған инвестиция көлемі 5 жылда 18 трлн теңгеге жетті

 Қазақстанның ұлттық экономикасына құйылып жатқан шетелдік инвестициялардың ағыны соңғы жылдары үдей түскен. Статистикалық деректер тікелей шетелдік салымдармен қоса, жалпы инвестициялар ағыны еліміздің қоржынында ұлғайғанын тіркеп отыр. Бұл оң көрсеткіш шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның ТМД елдері арасында ең тартымды мемлекет екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ал бұл тарапта орнықты дамып келе жатқан Ертіс-Баян өңірі қандай рөл атқарып отыр? Осы орайда тұрақты өсімді қамтамасыз етуге ұмтылған отандық экономиканың әлеуеті мен Павлодар облысының инвестициялық маңызын таразылап көрдік.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2019-2022 жылдары ел экономикасына жалпы сомасы 93,6 млрд доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылып, оның 49,9 млрд доллардан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі болған.

Инвестиция көлемі соңғы 5 жылда 143,5%-ға, яғни 12,6 трлн теңгеден 18 трлн теңгеге өсті.

Тек өткен жылы ел экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы жиыны 23,4 млрд долларды құрап, нәтижесінде Қазақстан IMD — Әлемдік бәсекеге қабілет рейтингінде бірден 6 тармаққа көтеріліп, 37-орынға жайғасты.

2019-2023 жылдар аралығында ұлттық экономикаға құйылған тікелей шетелдік салымдар 117 млрд долларға жеткені мәлім болды.

Ал Павлодар облысы былтыр Қазақстанның орнықты дамып келе жатқан өңірлерінің қатарында қала беретінін байқатып, соңғы бес 5 жылда негізгі капиталға шамамен 3,3 трлн теңге инвестиция тартылғанын әйгіледі. Демек, облыс экономикасының инвестиция көлемі 31%-ға ұлғайды (2019 ж. — 494,6 млрд теңге; 2020 ж.- 487,2 млрд теңге; 2021 ж. — 571,9 млрд теңге; 2022 ж. — 742,8 млрд теңге; 2023 ж. — 964,8 млрд теңге.).

Биыл өңір шамамен 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартады деген болжам жасалып отыр. Қазірдің өзінде негізгі капиталға салынған салым көлемі 247 млрд теңгеге жеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *