Тамара Дүйсенова: Биыл мемлекет меншігіне 946 мың га жер қайтарылды

Жайылымдық жер тапшылығы проблемасын шешу шеңберінде биыл мемлекетке 946 мың га жер учаскесі қайтарылды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Қайтарылған учаскелер бірінші кезекте халыққа ауылдық жерде мал жаю үшін беріледі.
Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Тамара Дүйсенова биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге – 180 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін артқанына тоқталды. Сондай-ақ биыл агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 431 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 323 млрд теңге қажет. Бұл мәселе бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады.
Вице-премьер «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру кезіндегі проблемалар туралы айтып берді. Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешу үшін жүйелі шаралар қабылданған.
Ең алдымен, бұрын берілген жеңілдікті несиелер толық талданған. Нәтижесінде ауылдардың мамандануын анықтау үшін оларға скрининг жүргізу қажеттілігі анықталды. Сондай-ақ өтінімдерді қабылдайтын және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылайтын ақпараттық жүйеге қажеттілік бар.
«Бұл мәселелерді өңірлермен бірге «Amanat» партиясымен және осы саладағы сарапшыларды қоса отырып бірнеше мәрте талқыладық. Биыл жаңа тәсілдерді бірқатар өңірде алдымен пилоттық түрде жүзеге асырғымыз келеді, кейін тәжірибе алмасып, әр облыстың ерекшеліктерін ескере отырып жасаймыз деп жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
3 мыңнан аса ауыл оптикалық байланыс желілерімен қамтылмақ — Үкімет
Елдегі интернет пен байланыс сапасына айтылған шағым көп. Мәселе тек шалғай елді мекендердегі интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен ғаламдық желінің көңілден шықпауы байқалады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова саладағы мәселелерді айта келе, бұл бағытта Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында тиісті Ұлттық жоба бекітілді және іске асырылуда. Оның аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 3 010 елді мекенге оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде. Соның нәтижесінде 2,4 млн адамға интернеттің қолжетімділігі қамтамасыз етілмек.
«Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда бар. Өткен жылы 1 161 ауыл 4G байланысына қосылды. Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында 5G байланыспен қамтуды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станса орнатылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталады», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер өңірлердегі мәдениет ошақтарына қатысты да сөз қозғады. Бүгінде салалық министрлік нысандардың стандарттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, тиісті заң жобасын дайындауда. Тамара Дүйсенова соңғы жылдары креативтік орталықтардың ашылып жатқанын ескеріп, мәдениет ошақтары көпфункционалды кешен ретінде қарастырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ басты назар мәдени нысандары жоқ, алшақ елді мекендерге аударылатынына мән берді. Мұнда «мобильді орталықтар» тәжірибесін енгізу жағы қарастырылып жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *