ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ КӨНЕ ҚАЛАЛАРЫН КӨРСЕТЕТІН ТУРИСТІК МАРШРУТ АШЫЛДЫ

Алматыда «Алтын шаршы» жаңа туристік маршрут ашылды. Бұл маршрут екі елдің көне қалаларын басып өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, туристер бірегей тарихи жәдігерлер сақталған Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Отырар, Тараз, Шымкент, Ташкент, Самарқан, Бұқара, Хиуа сияқты қалаларды аралайтын болады. Бұл жоба қос елдің туристік мүмкіндігін арттыруға, аталған аймақтарға инвестиция тартуға көзделген. Аталған маршрут Ресейдегі «Алтын сақина» сияқты жобаның баламасы болмақ. «Меніңше жылына 20 млн турист тартып жатқан «Алтын сақинаның» Орта Азиядағы баламасы шықты», — деді «Өзбекстан» туристік брендінің құрметті елшісі Ләззат Аханова. Осы маршрут бойынша шағын қонақ үйлер, көңіл көтеру орындарын салу керек. Алайда, бұл сұрақтардың барлығы үкіметаралық деңгейде шешілуі тиіс. Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевтың айтуынша, екі ел басшылары арасында орныққан сенімді қатынас арқасында қос елге баратын туристер саны бірнеше есе артқан. Өзбекстанда қазір 86 елмен визасыз қатынас орнатылған. «Территориямызда тарихи және мәдени ескерткіштеріміз өте көп. Осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелдіктерді біздің мәдениетімізбен таныстыру керек», — деді ол. Осы жоба аясында мұсылмандар арасында кіші қажылық сияқты киелі туризм, медициналық туризм, экотуризм, өндірістік туризм, арт туризм дамыту көзделген. Сонымен қатар елшінің айтуынша, Шымкенттен Ташкентке дейін теміржол салу көзделіп отыр. «Өзбекстан жағынан бұл мәселе шешімін тапты. Жүрдек жол Шымкент-Ташкент, Ташкент-Самарқан бағытында болмақ. Сонымен қатар, Қызылорда мен Науаи арасында автомобиль және темір жол салуды ұсынып отырмыз»- деді С.Низяходжаев. «Алтын шаршы» турлары биыл тестілік жобадан соң сатыла бастайды. Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы бас консулы Аброр Фатхуллаевтың айтуынша, туристердің ағынына ыңғайлы болу үшін Шенген визасына балама — Silk Visa енгізілетін болады. Бұл визаға кейін басқа елдер де қосылатын болады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *