Қазақстандықтардың жартысынан көбі «кіру» декларациясын тапсырған жоқ

Биыл алғаш рет 2,4 миллионға жуық азамат жалпыға бірдей декларацияға қатысуы керек. Алайда олардың жартысынан көбі әлі күнге дейін қажетті құжаттарын тапсырмаған.

2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Оған алғаш рет жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары қатысуда. Олардың барлығы 250.00 нысанында активтер мен міндеттемелер туралы есеп беруі керек. Жалпы алғанда, ҚР Қаржы министрлігі хабарлағандай, шамамен 2,4 миллион азамат «кіру» декларациясын тапсыруы тиіс, бірақ әзірге мұны тек 1,1 миллион азамат жасаған, яғни декларанттардың жалпы санының 46 пайызы ғана. Бір қызығы, барлығы дерлік (99,9 пайызы) келесі әдістердің бірін қолдана отырып, электронды түрде есеп берді: салық төлеушінің кабинеті арқылы; «Электрондық үкімет» порталында; e-Salyq Azamat, eGov mobile және кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы. Айта кету керек, жалпыға бірдей декларацияға қатысушылар құжаттарын 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруы керек. Тапсырыс бермеген азамат алдымен ескерту алады, ал бір жыл ішінде қайта бұзса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Айта кетейік, жаңа қатысушылардан бөлек, бұрын жүйеге кірген азаматтар да 270.00 нысаны бойынша табыстары мен мүлкі туралы декларацияны тапсыруы тиіс. Барлығы шамамен 2,8 миллион адам бар. Жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен, мемлекеттік қызметшілер – шенеуніктер мен әкімқаралар қамтылғанын әлгінде айттық. Ендігі кезек – мемлекеттік меке­ме-кәсіпорындар, квазимем­ле­кеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбай­ларына келді. Олар 2023 жылдың 1 қаң­тарынан бастап тапқан табысына есеп береді. Ары қарай, 2024 жылдың 1 қаңтарында бұл науқан барлық бизнес өкілдеріне – заңды тұлғалардың басшылары мен құрыл­тайшыларына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жұбайларын қамтиды. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан – азаматтардың қалған санаттары, яғни жасы 18-ден асқан барша Қазақстан халқы кірістерін жария­лайды. Бұрынғы жылдары миллиондаған ере­сек тіпті электронды түрде бір мезгілде құ­жаттарын өткізсе, бұған ешбір ақпарат­тық портал шыдай алмайтыны туралы көп айтылды, мәселе көтерілді. Дегенмен Қар­жы министрлігі оны шешудің амалын тап­қанға ұқсайды. Жалпыға бірдей дек­ларациялау жүйесіне еніп, бастапқы «кіру» (входной) декларациясын тапсырған тұлғалар ары қарай табыстар мен мүліктер туралы декларацияны жыл сайын ұсынып тұруға міндеттеледі. Бірақ «активтері мен табыстарында қозғалыс болмаған жағдайда одан ары декларация тапсырмауға да болады» деген қағида енгізіліп отыр. Осы мақ­сатта заңнама өзгертілді, одан осы адам­дардың қысқа декларация дегенді жыл­да тапсыру міндеттемесі алып тас­талды. Қаржы министрлігі мамандарының есептеуінше, нәтижесінде жыл сайын дек­ларация ұсынып тұруға міндетті дек­ла­ранттардың жалпы санын 13 миллионнан 3,5 миллионға дейін азайту мүмкін болмақ. Себебі осынша, яғни 9 миллиондай адамның ай сайын тапқаны тамағынан, күнделікті қажеттіліктерінен немесе не­сиесінен аспайды. Ал шетелде жылжы­май­тын мүлік сатып алатын қазақстандықтар шынында, көп емес. Мұның сыртында елді босқа дүрбелеңге салмау үшін декларациялауға жататын мүліктер тізімі заң жүзінде қайта қаралды. Ол бойынша азаматтар әділет органдарында ресми тіркеуге қойылған мүлікті, банк­тердің депозитінде жатқан ақшаларын жыл сайын декларациялауға міндетті болмайды: ол деректер Қаржы министрлігінің инте­грацияланған деректер базасына автоматты режимде түсетін болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *