Кездесуде айтылған ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, нақтылау жұмыстары жүргізіледі. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Вьетнам елінен арнайы келген «Sovico Group» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде әріптестік орнату бағыттары жан-жақты талқыланды. Зұлпыхар Жолдасов Түркістан қаласының әлеуетіне тоқталып, туризм мен өңір экономикасын ілгерілетуге сеп беретін ұсыныстарға ашық екенін жеткізді. «Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Түркістанның тек елімізде ғана емес, Түркі мемлекеттері арасында ерекше орны бар. Жаңа дәуірі басталған шаһар күн санап қарыштап дамып жатыр. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Әлеуеті артты. Туризм орталығына айналып келеді. 2024 жыл Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы статусына ие болды. Өңірде туризм бағытын дамытуға ден қойылған. Әуежайдың да әлеуеті мен мүмкіндіктері көп. Біз өңірдің дамуын жандандыратын жобаларды қарап шығуға, тиімді жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары. «Sovico Group» авиация инфрақұрылымы жөніндегі директоры Фам Нгок Сау өз тарапынан жобаларды талқылап, әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде айтылған ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, нақтылау жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетсек, өңірде кәсіпорын саны көп. Соның ішінде Созақтағы ірі кәсіпорындар ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» өнім шығаратын зауытында болды. Кәсіпорын табиғи уран өндірумен, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорында 1 мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың 95%-ы – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары.