Еліміз 2029 жылға таман 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартуды мақсат тұтып отырғаны белгілі. Президент тапсырмасымен осы маңызды мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық цикл іске қосылды. Алда аса маңызды бес жыл тұр. Осы орайда сырттан инвестор тарту ісін белсенді атқару, инвестициялық климатты жақсарту, сәйкесінше ол үшін заң мен тәртіпті жүйелеу, Мемлекет басшысы айтқан инвесторды қолдауға тиісті «Бір терезе» қағидатын әділ жүргізу аса маңызды. Бұл орайда бізде біршама табыс та бар, олқылық та жоқ емес. Осы ретте шетелдік инвестиция тарту мәселесіне тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдерін бір үстел басына жинап, салаға қатысты өзекті сауалдардың жауабын іздеп көрдік.
– Үкімет бұл салада қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Еліміздің Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттерімен көрші орналасуы инвесторлардың Қазақстанда өндіріс ашып, өз тауарларын шығарып, экспорттауына үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Сонымен қатар Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген компанияларды тартып, салаға қатысты тиімді жұмыстар жүргізуге болады. Былтырдың өзінде тікелей шетелдік инвестиция көлемі 23,4 млрд доллар болды. Экономикамызда дәстүрлі түрде мұнай-газ, тау-кен, металлургия жетекші орын алса, қазір өңдеу өнеркәсібіне назар аударылып жатыр. Әдетте «Қазақстанда қандай перспективалық бағыттар бар?» деген сұрақ туындайды. Бұл жерде 3 бағытты айта аламыз: «жасыл» энергетика секторы, сирек кездесетін жерасты металдары және ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстар. Энергетика саласы бойынша оңтүстік облыстарда күн сәулесі панельдерін орналастыру, жел электр стансаларын салуға қатысты бірқатар жоба бар. Кейінгі 3-4 жылда жел электр стансаларын салу үшін оның арнайы жабдықтарын Қытай мен Ресейден алып келеміз. Бұл – 1 млрд теңгеге жуық импортталған зат. Енді мұндай қажетті құралдарды өз елімізде шығару қолға алынып жатыр.
Былтырдың өзінде шетелдік инвесторларға қатысты 4 жоба енгізілді. Оларға Үкімет тарапынан айрықша қолдау көрсетіледі. Жалпы, инвестициялық келісімшарт аясында Инвестиция комитетінде жылына 40-тан аса жоба жасалады. Қазірдің өзінде 10 жобаға қатысты өтініш қаралып жатыр. Олардың барлығы түрлі саланы қамтиды. Инвестиция құятын адам қандай да бір тәуекелдерді назарға алады. Мен мынадай қаражат саламын, ертеңгі күні шығарған өніміміз нарықта сатыла ма, жоқ па, бәсекелестік жағы қалай болады деген нысаналы ойларды алға қояды. Келген инвесторға заңды түрде 25 жылға салық жеңілдіктері сақталады. Мұнда жерге қатысты, өзге де мәселелерге қатысты көп жеңілдіктер қарастырылады. Бұл жердегі жұмыстар әр салаға инвестиция құйып отырған кәсіпкерлердің сол сала бойынша тиісті министрліктердің келісімі арқылы жүзеге асады. Бірақ бұл үдеріс ұзаққа созылады. Себебі жоба түрлі сараптамадан өтеді.