Шымкент қаласындағы жаңғыртудан өткен медициналық нысандардың бірі – №13 қалалық емхана. 1963 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл емханада қазіргі таңда 46 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Оның ішінде ересектер – 34 328, жасөспірімдер – 7 762, балалар – 3 855. Мекемеде 362 қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында 101 дәрігер, 200 орта буын маман, 36 кіші буын қызметкері және әкімшілік-шаруашылық бөлімінің 25 қызметкері бар. Емхана құрамындағы 7 бөлімшенің әрқайсысы нақты аймақтар бойынша қызмет көрсетеді. Мәселен, 1 аймаққа 1 700 адамнан, педиатриялық аймақтарға 500 балаға дейін тіркелген.
Емханада педиатрия бөлімінің қызметі жүйелі түрде жүргізіледі. 0-6 жас аралығындағы 4 135 бала тіркеуде тұр, оның ішінде 75 бала – мүмкіндігі шектеулі бала ретінде есепте. Олар кешенді емдік-сауықтыру шараларымен қамтылған. Бүгінде емханада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №11 бұйрығына сәйкес «Дамыту және ерте араласу орталығы» жұмыс істейді. Бұл орталық дамудағы ауытқулары бар балаларды ерте анықтап, олардың мүмкіндігін барынша ашуға бағытталған. Сонымен қатар, педиатрлар мен мейірбикелер тарапынан патронаж қызметі үздіксіз ұйымдастырылып отырады. Есту қабілетін ерте анықтау мақсатында аудиоскрининг кабинеті жұмыс істейді. Диагностикалық-лабораториялық бөлім жоғарғы деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Эндоскопист, рентгенолог, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар да тұрақты түрде қабылдау жүргізеді.