Шымкентте «Таза өмір – сенің таңдауың» атты кеш өтті

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза өмір – сенің таңдауың» атты мерекелік кеш өтті. Аталған іс-шара барысында 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өткізілген нашақорлыққа қарсы күрес айлығының қорытындысы шығарылды. Айлық аясында жастар арасында есірткі, лудомания, буллинг секілді зиянды әдеттердің алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында: танымдық кездесулер, тақырыптық тренингтер, көрмелер, флешмобтар мен акциялар бар. Қорытынды кеште Шымкент қаласының Білім басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қолдауымен ақпараттық көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара барысында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков, Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов және қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова қатысушыларға салауатты өмір салтының маңыздылығын атап өтіп, жастарды зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар, айлық шеңберінде белсенділік танытқан еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері арнайы алғыс хаттармен және марапаттармен марапатталды. Кеш соңында қатысушылар арасында «Quiz» форматындағы интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар,  “Shymkent City Park” саябағында “Таза өмір – сенің таңдауың” атты ұранмен өтті. Концерт “Есірткісіз Қазақстан” акциясы аясында, сондай-ақ қоғамда “Заң мен Тәртіп” идеологиясын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті билік, жастар ұйымдары, еріктілер мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Сахнада арнайы ақпараттық стендтер мен есірткіге қарсы бағыттағы баннерлер орнатылып, келушілерге профилактикалық жадынамалар таратылды.

Концерт барысында есірткі құралдарының зияны, олардың салдары, сонымен қатар нашақорлық үшін көзделген заңдық жауапкершілік туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау, есірткіге қарсы күрес және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында белсенділік танытқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

— Есірткіге қарсы күрес – полицейлер үшін тек қызметтік міндет қана емес, ол – халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған күнделікті жұмыс. Нашақорлықтың алдын алуда әр азаматтың белсенділігі маңызды. Бұл айлық аясындағы бірлескен іс-әрекетіміздің оң нәтиже беретініне сенемін. Баршаңызға алғысымды білдіремін, — деді іс-шара барысында ұйымдастырушылардың бірі.

Айта кетейік, аталған концерт жастарды дұрыс таңдау жасауға үндеп, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *