Қалалық қызметтердің ашықтығы мен тиімділігі қазіргі таңда ақпараттық жүйелердің жетілуімен тікелей байланысты. Осы ретте 2023 жылдың 28 наурызында іске қосылған Шымкент қаласының өңірлік геоақпараттық жүйесі – geo-shym.kz геопорталы – қала тұрғындары мен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтерді. Геопортал арқылы 12 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі, оның ішінде, сәулет және қала құрылысы бойынша – 8 қызмет, жер қатынастары бойынша – 4 қызмет.
2024 жылдың 12 айында геопортал арқылы 15 533 қызмет көрсетіліп, соның 14 086-сы бойынша нақты жауаптар берілді, ал 1376 өтінім қаралу үстінде. Бұл – Шымкенттің мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда алға жылжығанын көрсетеді. Геопорталдың басты артықшылықтары қағазбастылықтан арылу, адам факторын азайту арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қаладағы табиғи монополиялар субъектілері мен мемлекеттік мекемелер арасындағы құжат алмасу үдерісін жеңілдету. Мұндай жүйенің іске қосылуы әкімшілік кедергілерді азайтып, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және қалалық басқарудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.
2024 жылы басқармаға жергілікті бюджеттен 14 млрд 045 млн 643 мың теңге қаражат бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша бұл қаражат 99,99 пайыз игерілген. Бұл – басқарманың жоспарлы, тиімді әрі жауапты қаржылық тәртіп ұстанғанының айғағы.
Үлескерлердің қызметі қатаң бақылауда
Тұрғын үй құрылысы саласында үлескерлік құрылыс – халықтың баспаналы болуына сеп болатын маңызды механизмдердің бірі. Алайда бұл салада қауіпсіздік пен заңдылық – бірінші орында. Сондықтан үлескерлердің қаражатын тартатын құрылыс компанияларына қатысты қатаң бақылау орнатылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органнан рұқсат алған – 8 компания (оның ішінде 7 – Шымкентте, 1 – Астанада), қазіргі таңда жергілікті органнан рұқсат алған – 15 құрылыс компаниясы, ал бірыңғай оператордың рұқсатымен – 6 компания жұмыс істеуде екен. Бұл – үлескерлердің құқықтарын қорғау және тұрғын үй нарығындағы сенімділікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды шара. Қала тұрғындары үшін ең бастысы – салынған үйдің сапалы әрі уақтылы пайдалануға берілуі. Осы бағыттағы бақылау жұмыстарын басқарма жүйелі түрде жүзеге асырды.
Қаланың әрбір көшесі, жаңа шағынауданы мен салынған үйі – стратегиялық жоспарлардың нақты жемісі. Ал осындай жоспарлы даму – халықтың өмір сүру сапасының артуына қызмет етеді.
Өткен жылы Шымкент қаласы бойынша 1 359 800 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысы бойынша 1 366 805 ш.м. тұрғын үйлер қабылданып, жоспар артық орындалған. Бұл көрсеткіш – қаланың қарқынды урбанизация процесінің айқын дәлелі. Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, халықтың тұрғын үйге деген сұранысы кезең-кезеңімен қанағаттандырылуда.
Басқарма 18 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Тек қараша айының өзінде ғана 57 196 мемлекеттік қызмет ұсынылған.
Заңсыз құрылысқа жол берілмейді
Өткен жылы басқарма 386 құрылыс нысанын бақылаудан өткізіп, 312 заңсыз нысанды анықтап, олар туралы ақпарат Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданған. Бұл нысандар Геоақпараттық
жүйеде белгіленіп, нақты мониторинг жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілуде – тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру басты мақсатқа айналды.
Сонымен қатар, қала аумағында 613 жарнама құрылғысы тіркелген. Олардың 15-20 пайызы ЛЭД мониторлар. Қалғандары скроллер мен өзге түрлер. Осы жарнамалар арқасында 2024 жылы түсім 561,4 млн теңгені құраған. Сондай-ақ, sauda.e-qazyna.kz порталы арқылы 526 жарнама орны сауда-саттыққа шығарылып, 356-сы сатылды. Бұл – қалалық бюджетке тұрақты кіріс әкеліп, көше кеңістігінің реттелуіне сеп болуда.
Өткен жылдың қорытындысымен 1060 жер учаскесіне қатысты 317 нысан бойынша 75 қаулы қабылданып, 214,38 гектар аумақ мемлекет меншігіне қайтарылып, 13 млрд теңге қаржы игерілген. Ірі жобалар қатарында Қонаев даңғылынан 176 жер телімі, С.Бәйтереков көшесін қайта құру – 24 жер телімі, Қаратау ауданы, 223 орамдағы стадион құрылысы – 154 жер телімі. Бұл – қалалық инфрақұрылымды дамытуға, жолдар мен әлеуметтік нысандар құрылысына мүмкіндік беретін шешуші қадам.
Басқарма атқарған әр іс – қала келбетінің көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына бағытталған. Ал бұл – нағыз тиімді басқару мен стратегиялық көзқарастың белгісі. Шымкенттің болашағы жарқын боларына сенім бар, ал сол жарқын болашаққа бастар жол дәл бүгінгі жүйелі еңбектен басталады.
Қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін маңызды саланың жүйелі қызметі – Шымкенттің заманауи, қауіпсіз, жайлы әрі көрікті қала ретінде дамуына үлес қосып келеді. Қаланың өсіп-өркендеуі – әрбір тұрғынның ортақ мүддесі. Ал оны жүзеге асыру – ұлттың келешегі үшін маңызды миссия.