Қошқар-Ата өзені – Шымкент қаласы үшін маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ. Жағалауды абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Шымкент қаласында экологияны жақсарту және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала әкімдігінің бастамасымен Қошқар-Ата өзенінің жағалауын бекіту және абаттандыру жобасы қолға алынды. Қазіргі таңда Жангелдин көшесінен Алпысбаев көшесіне дейінгі 3,5 шақырымдық аумақта жағалауды инженерлік тұрғыда бекіту, инфрақұрылымды дамыту және жасыл аймақтар құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жобаның басты мақсаты – табиғи нысанды эрозиядан қорғау және қала тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз демалыс кеңістігін қалыптастыру.
Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар төселіп, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады. Сонымен қатар, аумақты көгалдандыру және санитариялық тазалықты сақтау бағытында да нақты шаралар қабылданған. Қала қызметтеріне өзен жағалауындағы жасыл желекті сақтау, қоқысты уақтылы жинау және шығару бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Қошқар-Ата өзені – Шымкент қаласы үшін маңызды экологиялық және рекреациялық аймақ. Жағалауды абаттандыру жобасы бұл аумақты заманауи демалыс орнына айналдыруға бағытталған. Жаңа серуендеу аймағы тұрғындарға отбасылық демалыс, серуендеу мен белсенді тынығу үшін барлық жағдайды ұсынатын болады. Қала басшылығы тұрғындарды өзен маңындағы тазалықты сақтауға, қоғамдық кеңістіктерге жанашырлықпен қарауға шақырады. Табиғи аумақты қорғау – әрбір шымкенттіктің ортақ жауапкершілігі. Уақыт ағымымен талай тарихи кезеңді бастан өткерген өзен бүгінде түрленіп, шырайлы демалыс орнына айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары Қошқар атаның салқын суына бой сергітіп, жағасындағы саябақтарда тынығып, табиғат аясында серуендейді. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда адам аяғы үзілмейді. Деректерге сүйенсек, өзен суы қысы-жазы +11 +14 градус болып сақталып тұрады. Айта кетейік, бүгінде мұнда еліміздің батысы мен шығысынан бөлек, алыс-жақын шет елден арнайы келетіндердің де саны артқан.