ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА СЕНБІЛІК ӨТТІ

Еңбекші ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды. Бұл іс-шара аудан тұрғындарының экологиялық мәдениеттін арттыруға, тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталды.

Сенбілікке аудан тұрғындары, белсенді жастар және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері қатысты. Аудан аумағында өткен тазалық жұмыстары барысында аулалар мен жол жиектері, су арналары мен жасыл аймақтар тазартылып, ағаштарды қыру және шөптерді ору жұмыстары жүргізілді.

Қоғамдық тәртіп пен қоршаған ортаны қорғау мақсатында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде барлық қоқыстар шығарылып, «Группа Интеко» ЖШС-нің 10-ға жуық техникасы мен арнайы құралдары жұмылдырылды. Іс-шараға аталған серіктестік пен «Еңбекші» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері де атсалысты.

Жалпы, Шымкентте «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық іс-шаралары тұрақты түрде жалғасып келеді. Сенбіліктер қаланың барлық аудандарында жаппай өткізілуде. Әрбір іс-шарада аумақтар ретке келтіріліп, қоқыстар жиналуда, тұрғындарды тазалықты сақтау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырып, жауапкершілігін арттыруға ықпал етуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды.

– Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді, – деді Президент.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *