Қала мәдениеті – таза көшеден басталады

Шымкент қаласының Қаратау ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Бұл жолғы тазалық жұмыстары Ахметбаев және Көмекбаев көшелерін қамтыды. Игі іске аудан тұрғындары да белсенділік танытты.

Коммуналдық сала мамандарының айтуынша, сенбілікке барлығы 60 адам тартылып, алты техника жұмылдырылған. Оның ішінде бір КамАЗ жүк көлігі мен бір жүктегіш техника аумақты тұрмыстық қалдықтан тазартуға көмектесті. Жергілікті тұрғындар да тазалыққа өз үлестерін қосты.

– Бұл шара бір күндік науқан емес. Біз апта сайын қаланың түрлі көшелерін қамтып, тұрақты түрде сенбілік өткізіп келеміз. Бүгінгі мақсатымыз – «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауламызды ғана емес, көзқарасымызды да жаңарту. Қала мәдениеті – алдымен өз көшесін таза ұстаудан басталады, – дейді Қаратау ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық мемлекеттік мекеменің бөлім басшысы Бағдат Ахметов.

Жалпыхалықтық экологиялық қозғалысқа айналған бұл бастама бүгінде әр өңірде өзіндік серпін беріп келеді. Шымкент қаласы да аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Көшелердің тазалануы – бір күннің жұмысы емес, күнделікті жүзеге асуы тиіс шара.

Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқанын еске салды.

– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды.

– Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді, – деді Президент.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *