Экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды дамыту мақсатында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Д.Тұрғамбаев республикалық «Менің қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесім» челленджін бастады.
Аталған экочеллендж табиғатты сақтауда әр адамның үлесінің маңызды екенін еске салуға бағытталған. Ағаш отырғызу, бір реттік пластиктен бас тарту, қоқыс жинау, су айдындарының тазалығын сақтап, балалардың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру секілді күнделікті қарапайым әрекеттердің өзі экологиялық жағдайды жақсарту мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру жолында маңызды рөл атқаратыны мәлім.
«Барлық азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды, волонтерлерді және эко-активистерді челленджді қолдауға шақырамыз. Қатысу үшін экологияға пайдалы іс-әрекетті жасап жатқан сәтіңізде (мәселен қоқысты сұрыптау, велосипедпен жүру, сенбілікке қатысу, ағаш отырғызу немесе күнделікті өмірде экологиялық саналы әрекеттер жасау) суретке түсіп, онымен әлеуметтік желілерде бөлісу қажет. Ең бастысы – фотосурет сіздің жеке белсенділігіңіз бен табиғатқа деген қамқорлығыңызды көрсетуі керек. Челленджді қолдап, табиғатқа жасаған игі істеріңізбен бөлісіп, айналаңызға үлгі болыңыз! Табиғи байлығымызды өскелең ұрпаққа бірге сақтап қалайық», делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.
Челленджге қатысу үшін не істеу керек? Табиғат үшін пайдалы іс жасап жатқан сәтіңізді суретке түсіріп алыңыз – бұл қалдықтарды сұрыптау, көлік орнына велосипедпен жүру, экологиялық акцияға қатысу немесе «жасыл еріктілік» болуы мүмкін. Ең бастысы ол сіздің табиғатты қорғауға бағытталған жеке белсенділігіңізді көрсетсе жеткілікті.
Челлендж әр адамның табиғатты сақтау ісіндегі жеке жауапкершілігін оятуға бағытталған. Бұл бастама шын мәніндегі экологиялық жауапкершілік тек нұсқаумен емес, ішкі сеніммен қалыптасатынын көрсетеді, – дейді ұйымдастырушылар.
Челленджге кімдер қатыса алады? Мектеп оқушылары мен студенттер, еріктілер, мекеме қызметкерлері, экоактивистер және табиғатқа бейжай қарамайтын барлық азаматтар қатыса алады.
Суреттерді әлеуметтік желіде арнайы хэштегтермен жариялау ұсынылады: #меніңтабиғатқақосқанүлесім және #меніңэкоүлесім
Бүгінде бұл эко-бастаманы еліміздің әр өңіріндегі қоғамдық ұйымдар мен экологиялық қозғалыстар қолдап жатыр. Әлеуметтік желілерде алғашқы қатысушылардың суреттері жариялана бастады.
Біз табиғат байлығын келер ұрпақ үшін бірге сақтай аламыз, – деп жазды челлендж қатысушылары.