Мемлекет басшысы: Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуы тиіс

Бүгінгі таңда елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең өзекті әрі басым мәселелердің бірі болып отыр. Мектеп – әрбір баланың тек білім алатын орны ғана емес, сонымен бірге оның қорғалатын, жайлы және сенімді ортасы болуы керек. Сондықтан зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, яғни буллингке, қатыгездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі тиіс.

Соңғы екі жылдың ішінде өскелең ұрпақтың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында нақты және жүйелі шаралар қабылданды. Соның бірі – кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Бұл – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауда маңызды қадам. Сонымен бірге, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейтілді, ол балалардың мүддесін қорғау және құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы бақылау мен үйлестіру жұмыстарын одан әрі күшейтеді.

Қазіргі кезде тағы бір өзекті мәселе — балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының алдын алу, яғни суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл мәселе қоғамда ерекше назар аударуды қажет етеді, себебі жасөспірімдер арасында психологиялық қиындықтар көптеп кездеседі. Сол себепті еліміздегі барлық мектептерде «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылып, оқушылар мен ата-аналар, мұғалімдер қажетті көмекке жедел қол жеткізе алады.

2024 жылғы жаңа оқу жылынан бастап елімізде мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы арнайы «Досбол | KE» атты бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында әзірленген. Бағдарламаның негізгі міндеті – мектептердегі жағымсыз құбылыстарды азайтып, балалар арасында өзара құрмет пен түсіністікті нығайту. «Досбол | KE» бағдарламасы оқушыларға, педагогтарға және ата-аналарға буллингтің зияны мен алдын алу жолдары туралы жан-жақты ақпарат береді, сондай-ақ мұндай жағдайларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.

Осылайша, мемлекет пен қоғам бірге балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі әрі кешенді түрде жүргізуде. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, себебі жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделері – әрдайым басты назарда. Біз балаларымыздың жан тыныштығын, физикалық және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың толыққанды әрі бақытты өсуіне жағдай жасауға міндеттіміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *