Шымкентте спорттық атудан XVI Азия чемпионаты басталды

Шымкент қаласы халықаралық спорт аренасына айналды. Мұнда спорттық атудан XVI Азия чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Жаһандық мәнге ие бұл ауқымды додаға 27 елден 800-ден астам үздік спортшылар қатысып, түрлі ату түрлерінен өзара мықтыны анықтайды. Бұл чемпионат — Шымкент тарихында алғаш рет өткізіліп отырған ең ірі халықаралық спорттық шаралардың бірі.

Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, әрі Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин қатысты. Қаланың басшысы өз сөзінде чемпионатқа қатысушыларды құттықтап, ұйымдастырушыларға, спорт федерацияларына және бұл шараны жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Чемпионаттың халықаралық маңызын арттырған мәртебелі қонақтардың қатарында Халықаралық спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси, Азия ату конфедерациясының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, сондай-ақ әлемнің жетекші спорт ұйымдарының өкілдері бар. Олардың қатысуы турнирдің жоғары деңгейде өтетінін және халықаралық беделін айғақтайды.

16-30 тамыз аралығында өтетін чемпионат «Shymkent Shooting Plaza» заманауи ату кешенінде ұйымдастырылуда. Жарыс бағдарламасына төмендегідей атудың бірнеше түрі енген:

  • тапаншамен ату

  • мылтықпен ату

  • қозғалмалы нысанаға ату

  • стендтік ату (трап, скит, скит-микс)

Чемпионат барысында 700-ден астам медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс екі олимпиадалық спорт түрі бойынша өткізіледі – нысана көздеу және стендтік ату. Бұл спортшылар үшін Токио мен Париж олимпиадаларынан кейінгі маңызды бәсеке болып саналады, себебі жарыс нәтижелері халықаралық рейтинг пен олимпиадалық іріктеуге де әсер етеді.

Бұл чемпионаттың негізгі мақсаты – атқыштар спортын кеңінен насихаттау, жас спортшылардың кәсіби деңгейін көтеру, ұлттық құрамалардың сапасын анықтау, сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілердің тәжірибесін арттыру. Сонымен қатар, мұндай халықаралық іс-шаралар Қазақстан спортының беделін арттырып, еліміздің спорттық инфрақұрылымының дамуына серпін береді.

Шымкент қаласы бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келіп, спортшылар мен қонақтарға жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстарын ұсынуда. Чемпионат өткізіліп жатқан «Shymkent Shooting Plaza» ату кешені халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, барлық қауіпсіздік пен жайлылық талаптарын қамтыған.

Чемпионат күндері Шымкент халықаралық туризм мен спорт орталығына айналып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары әлемдік деңгейдегі спортшылардың шеберлігін тамашалап, спорттық мерекенің ерекше атмосферасын сезіне алады.

Бұл чемпионат – ел абыройы, Шымкенттің халықаралық спорт аренасындағы орнын бекемдейтін маңызды қадам. Спорт арқылы ел бірлігі нығайып, жастарға салауатты өмір салты мен отансүйгіштік рух дарытылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *