Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады.
Ақорда хабарлауынша, мегаполис басшысы Президентке қаланың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берді.
Ғабит Сыздықбеков жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31 пайызға ұлғайып, 360 миллиард теңгені құрағанын жеткізді. Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 миллиард теңге болатын өнім өндірілген. Сондай-ақ құрылыс қарқын алып, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
Қала басшысы Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылғанын айтты. Шаһарда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты. Аталған секторда 245 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Сонымен қатар Президентке Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жайында баяндалды.
Жаңа әуежай терминалы салынып, теміржол вокзалы реконструкциядан өтті.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп және Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Шағын футбол орталығы мен спорт кешені бой көтерді. Бұдан өзге қала басшысы жол-көлік инфрақұрылымының дамуы жөнінде айтты. Оңтүстік айналма жолы және 2 ірі жолайрық пайдалануға берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін былтыр – 2 270, биыл 2 743 көше жарықтандырылды.
Шаһарда Президент тапсырмасына сай, активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Мұз сарайы, Орталық су спорты кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі мен «Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне өткен.
Қабылдау соңында Президент қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуді тасырды. Сонымен қатар қала тұрғындарын баспанамен қамту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.