Шымкент қаласының қарқынды дамып келе жатқан Қаратау ауданында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынып отыр. Аудан әкімдігі тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды басты мақсат ретінде белгілеп, экожүйені дамыту бағытындағы нақты жобаларды табанды түрде жүзеге асыруда.
Жасыл аймақтар – тіршілік тынысы
Экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың негізгі жолдарының бірі – жасыл желектерді көбейту. Осы мақсатта Қаратау ауданында көктем және күз мезгілдерінде көпжылдық ағаштар мен сәндік көшеттер отырғызу акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соңғы үш жылда он мыңдаған көшет егіліп, олардың күтімі мен дамуы тұрақты бақылауға алынған. Ағаштардың аман сақталуы үшін суару, зиянкестерден қорғау және топырақ күтімі жүйелі түрде жүргізіледі.
Аудан тұрғындарының белсенділігімен жүзеге асырылған «Жасыл аймақ» экологиялық акциясы барысында саябақтар мен көшелер маңайы көгалдандырылып, жаңа демалыс аймақтары ашылды. Бұл – тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, қаланың жалпы экологиялық келбетін жақсартуға сеп болды.
Табиғатқа жанашырлық – ортақ міндет
Қоршаған ортаны қорғау тек көгалдандырумен шектелмейді. Қаратау ауданында ауа сапасын жақсарту, су көздерін қорғау, тұрмыстық қалдықтарды азайту секілді бағыттарда да маңызды істер атқарылуда. Атап айтқанда, Қошқар ата өзені бойында тұрақты түрде тазалық акциялары ұйымдастырылып, өзеннің жағалауы абаттандырылуда. Бұл тек санитарлық жағдайды жақсартумен қатар, тұрғындар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға да зор әсер етуде.
Экологиялық тәрбие – ұрпаққа аманат
Болашақ ұрпаққа табиғатты аялау құндылығын сіңіру – аудан әкімдігінің басты назарында. Осы мақсатта аудандағы мектептерде экологиялық үйірмелер ашылып, балаларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызы жүйелі түрде түсіндірілуде.
Тұрақты түрде өтетін «Экологиялық сағат», «Таза аула – таза қала», «Ағаш отырғыз – болашаққа үлес қос» сынды тәрбиелік бағыттағы шаралар оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып келеді.
Әр тұрғын – табиғат жанашыры
Қаратау ауданы әкімдігі қоршаған ортаны қорғау шараларын қоғаммен бірлесіп жүзеге асырудың маңызын ерекше атап өтуде.
«Экожүйені жақсарту – тек мемлекеттік органдардың емес, әр тұрғынның азаматтық борышы. Жасыл желектерді күтіп-баптау, су көздерін таза сақтау және қалдықтарды дұрыс басқару арқылы біз барлығымыз өз ауданымыздың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қоса аламыз», – дейді әкімдік өкілдері.
Болашаққа бағдар: таза орта – дені сау қоғам
Жасыл белдеулерді ұлғайту, табиғи ресурстарды сақтау және қаланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету – Қаратау ауданының басты стратегиялық бағыттарының бірі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқын алып, тұрғындар үшін қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталатын болады.
Қаратау ауданы табиғатпен үйлесім тапқан, экологиялық мәдениеттің жоғары деңгейін мақсат еткен аймақ ретінде дамуын жалғастыра береді.