Шымкент қаласының жасыл даму жолындағы бетбұрысы қарқынды

Шымкент қаласы агроөнеркәсіп, экология және жасыл даму бағытында еліміздің қалған өңірлерінен ерекшеленетін бірқатар көрсеткіштерге ие. Бұл мақалада агросектордағы өсім, энергия тиімділігі, суды қорғау, газдандыру, экологиялық туризм және «Таза Қазақстан» акциясы тұрғысынан қаладағы жағдайды талдап, сараптамалық зерттеу жасаймыз.

Статистикаға сүйенсек,  Шымкент қаласының әлеуметтік‑экономикалық көрсеткіштері:

-2025 жылдың 1 маусымына Шымкент қаласының халқы 1 274,3 мың адамды құрады.

— Қаланың өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2025 жылғы қаңтар‑маусымда 679 890 млн теңге болса, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 15,9 % өскен.

*-Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 2025 жылғы қаңтар‑маусымда 24 521,9 млн теңгені құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,4 % өскен.

Осы көрсеткіштер агроөнеркәсіп пен өндірістің өсуіне белгі береді, бірақ өсім қарқыны мен тиімділігін арттыру үшін қосымша шаралар қажет.

— 2025 жылы көктемгі егіс науқаны барысында қалада 23,0 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

-2025 жылғы бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 14,7 млрд теңгеніқұрады; өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны — 3,7 %.

— Ауыл шаруашылығы өнімінің құрылымында мал шаруашылығы үлкен үлесті алып, оның көлемі 12 млрд теңгеге дейін жеткен. Егін шаруашылығының үлесі сол кезеңде 1,6 млрд теңге.

-Өнім түрлеріне қарай: ет өндірісі 14,2 %, жұмыртқа өндірісі 11,4 %, сүт өндірісі 2,9 % өскен.

-Жылыжай көк‑жемістер мен бақша дақылдары да өсім көрсетуде; жылыжай көлемі – 183 га.

Бұл деректер аграрлық сектордағы өсім мен әртүрлілік тұрғысынан оң үрдістер бар екенін көрсетеді.

Шымкент қаласында соңғы жылдары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жүйелі шаралар қарқын алып келеді. Соның ішінде ерекше маңызға ие бастамалардың бірі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы. Бұл жобаның басты мақсаты – тек табиғатты қорғау емес, сонымен бірге халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоғамдық сананы жаңғырту, өмір сүру сапасын жақсарту.

Көлем мен көрсеткіш: нақты деректер не дейді?

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласының тұрғындары мен ұйымдары жаппай сенбіліктерге, көше, арық, тротуарларды тазалауға, ағаш отырғызу іс-шараларына белсенді қатысуда. Акцияға 154 мыңнан астам тұрғын, 6000-нан аса кәсіпкерлік нысан, 600-ден астам әлеуметтік мекеме жұмылдырылған.

Қала көлемінде 8 мың шақырымнан астам көше, 9 мың шақырым тротуар тазартылды. Арнайы техника көмегімен 6 591 тоннадан астам тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды. Қаланың ирригациялық жүйелері мен арық-атыздарының 724 шақырымы тазартылып, өзен арналарында санитарлық жұмыстар жүргізілді.

Қала көшелерінің тазалығы, қоқыстан арылуы — бұл тек визуалды тәртіптің көрінісі емес. Бұл — экологиялық қауіпсіздіктің, инфекциялық аурулардың алдын алудың, әрі қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші. Мәселен, сенбілік барысында 90-нан аса аялдама мен қоғамдық орындар жуылып, көрнекті тұлғаларға арналған ескерткіштер тазартылды.

Тұрмыстық қалдықтарды реттеу, стихиялық үйінділерді жою — бүгінде қала үшін стратегиялық мәнге ие. Себебі соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шымкент тұрғындарының қоқысқа берешегі 300 млн теңгеден асқан. Бұл коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын қиындатуда. Сонымен қатар, қаладағы кейбір қоқыс шығарушы мекемелердің банкрот болу қаупі де бар. Мұндай жағдайлар «Таза Қазақстан» сияқты экологиялық шаралардың маңызын арттыра түседі.

Жасыл қорды ұлғайту – тұрақты болашақ кепілі

Акция шеңберінде тек тазалық жұмыстары емес, жасыл желектерді көбейту бағытында да бірқатар шаралар атқарылды. Мысалы, «Астана» аллеясында 250 арша көшеті отырғызылып, қаланың бірнеше аймағында жеміс ағаштары (алма, шие, алмұрт) егілді. Бұл бастамалар қала экологиясын жақсартуға, климаттық теңгерімді сақтау мен ауаны тазартып, тұрғындарға көлеңкелі демалыс орындарын көбейтуге бағытталған.

Тұрақтылық – басты мәселе

Дегенмен, «Таза Қазақстан» секілді жобалар науқандық сипатта өтпеуі керек. Сарапшылар атап өткендей, қазіргі жүйенің ең әлсіз тұсы — тазалық шараларының тұрақсыздығы. Сенбіліктер өткізілгенімен, кей аумақтарда қоқыстың қайта жиналып қалуы — күтімнің жоқтығынан.

Қаладағы кейбір аудандарда халық белсенділігі төмен, қоқыс жәшіктерінің жетіспеуі немесе қоқысты уақтылы шығармау — жағдайды күрделендіреді. Осы орайда, қоғамдық бақылау жүйесін, цифрлық мониторингті, дрон көмегімен тазалықты бақылау сынды заманауи әдістерді енгізу өзекті болып отыр.

Шымкент қаласында іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы – қоғам мен мемлекеттің бірлесе жұмыс істеуінің нәтижелі үлгісі. Бұл акция арқылы қала экологиясы айтарлықтай жақсарды, тұрғындардың мәдениеті артып келеді, жасыл аймақтар көбеюде, және ең бастысы — экологияға деген жауапкершілік күн тәртібінен түспей келеді.

Алайда, бұл оң өзгерістер жалғасын табуы үшін, жобаны жүйелі іске асыру, тұрақты бақылау мен халықты барынша кеңінен тарту қажет. Тазалық — тек сенбілікпен шектелетін ұран емес, бұл — күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.

Иә, шаһар тұрақты даму үшін энергия тиімділігі, су ресурстарын сақтау, экологиялық таза ауыл шаруашылығы мен қалдықтарды өңдеу бойынша қызу жұмыстар жалғаса түсуі керек. Қаланың экожүйесі мен агроөнеркәсіп кешенін қорғау, жасыл экономикаға көшу — тек экономикалық өсіммен емес, тұрғындардың денсаулығы мен табиғаттың тепе‑теңдігімен тікелей байланысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *