ШЫМКЕНТ: Мәдениет қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпы қалалық сенбілікке белсене қатысты

Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл маңызды шараға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұжымы мен қаланың мәдениет мекемелерінің қызметкерлері жан-жақты атсалысып, өз үлестерін қосты.

Сенбіліктің басты мақсаты — қала аумағын қоқыстан тазартып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және арттыру. Осы мақсатта мәдениет саласының мамандары мен басқарма қызметкерлерінен құралған шамамен 2000 адам қатысқан кең ауқымды флешмоб ұйымдастырылып, тұрғындардың назарын қоғамдағы тазалық мәселесіне аударды.

Тазалау жұмыстары негізінен Сырым батыр көшесі бойындағы аумақтарда жүргізілді. Сенбілікке елімізге кеңінен танымал өнер қайраткерлері де қатысып, өздерінің белсенділігімен қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырды. Бұл мәдениет қызметкерлерінің экологияны қорғаудағы азаматтық позициясының көрінісі болды.

Сенбілікке қатысқан 2000-ға жуық мәдениет саласының қызметкерлерінің ішінде 500-ге жуық адам басқарма қарасты мекемелер аумағында еңбек етті. Іс-шара барысында 13 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, тазалау жұмыстарының сапасы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берді.

Жалпы сенбілік барысында 28 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде 6 тоннасы басқарма қарасты мекемелер аумағынан шығарылса, 22 тоннасы Абай ауданы, Сырым батыр көшесі бойынан жиналып, арнайы техника көмегімен кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш экологиялық мәселеге қоғамның қаншалықты сезімтал екенін айқындайды.

Мәдениет қызметкерлерінің атсалысуымен өткен бұл сенбілік — қала тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен қадам. Мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық санасын арттырып, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті күшейтеді. Қоғам мен билік бірлесіп атқарған жұмыстар қала өмірінің сапасын арттырып, жасыл әрі таза орта қалыптастыруға септігін тигізеді.

Алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп, қаланы абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісі жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласының тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *