ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кезекті ауқымды сенбілік өтті. Бұл шараның басты мақсаты – қала аумағын күл-қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті нығайту, табиғатты аялау дәстүрін қалыптастыру және ортақ іске қоғамды жұмылдыру.

Акция барысында қаланың барлық бес ауданында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар көшелерді, аулаларды, саябақтарды және қоғамдық орындарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жасыл аймақтарды ретке келтірді.

Әл-Фараби ауданында Терiскей шағын ауданындағы №33, 35 және 37 үйлердің аулалары тазартылып, балалар ойын алаңдары мен көгалды аймақтар ретке келтірілді. Тұрғындар мен коммуналдық қызмет мамандарының бірлескен еңбегінің арқасында көпқабатты үйлер ауласы жаңа келбетке ие болды.

Абай ауданында Ақжайық шағын ауданындағы Асфендияров көшесінің бойы тазаланып, жиналған қоқыс арнайы орындарға шығарылды.

Еңбекші ауданында №30 мектептің маңы абаттандырылып, оқушылар мен ата-аналар да бұл шараға белсенді қатысып, сенбілікке ерекше серпін берді.

Қаратау ауданында Нұртас шағын ауданындағы Кеңжарық және Құлагер көшелері күл-қоқыстан аршылып, тұрғындардың демалатын алаңдары ретке келтірілді.

Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары тазартылып, жасыл желектерге күтім жасалды.

Шараға қала тұрғындарымен қатар, жастар да белсене атсалысты. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ондаған волонтер сенбілік жұмыстарына жұмылдырылып, өз үлестерін қосты. Жастардың белсенділігі көпшілікті жігерлендіріп, тазалық шарасының ауқымын кеңейте түсті.

Сенбілікке қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар тек қоршаған ортаны жақсартып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты күшейтеді.

– Табиғат – біздің аманатымыз. Әрбір аула мен көше, саябақтың таза болуы – келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Бүгінгі сенбілік – экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондықтан мұндай бастамаларға барша тұрғындардың қатысуы қажет, – дейді қала тұрғындары.

Жалпы, бүгінгі күні шымкенттіктер «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижелерін сезіне бастады. Қала көшелері мен аулаларының көркейіп, санитарлық жағдайдың жақсаруы – осы бастаманың жемісі. Қала тұрғындарының пікірінше, мұндай іс-шаралар экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, көршілер арасындағы ынтымақ пен жауапкершілікті арттырады.

«Тазалық – иманның жартысы» деген аталы сөздің мәні осындай игі істер арқылы айқындала түседі. Шымкентте өткен бұл сенбілік тек тазалықты қамтамасыз етіп қоймай, тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктірді, туған жерге деген сүйіспеншілікті күшейтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *