ӨЗБЕК ЭТНОСЫ КҮНІ ШЫМКЕНТТЕ АТАЛЫП ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласындағы Орталық саябақта Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты тағылымы терең, мазмұны бай мәдени-көпшілік шара жоғары деңгейде өтті. Бұл күн — тек бір ұлттың емес, барша қазақстандықтардың ортақ мерекесіне айналып, еліміздегі ұлтаралық татулық пен этномәдени келісімнің айқын үлгісін көрсетті. Мерекелік шараның шымылдығы Шымкент қалалық өзбек драма театры әртістерінің Абай Құнанбайұлы мен Әлішер Науаи бейнелерін сомдаған сахналық қойылымымен ашылды. Ұлы ойшылдардың рухани үндестігін бейнелеген бұл көрініс — қос халықтың мәдени байланысын паш еткен ерекше символикалық дүние болды. Қонақтар назарына ұсынылған ұлттық көрмелер де көпшіліктің ыстық ықыласына ие болып, өзбек халқының бай тарихы мен тұрмыс-салтын кеңінен таныстырды.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус пен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Олардың қатарында: ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев; ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймолдинов; Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов; «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов; Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Усупахметов; Шымкент қаласының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов; Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев және этносаралық қатынастар саласындағы белсенді азаматтар бар. Салтанатты бөлім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, театр әртістерінің орындауындағы «Қош келдіңіз» композициясымен жалғасты. Мукими атындағы №13 мектептің «Бахор» би ансамблі өзбек халқының ұлттық «Шодлик» биін және қазақ биін билеп, көпұлтты еліміздің достығын паш етті.

Шымкент қалалық драма театры көрерменге «Сары Жайлау» композициясын ұсынып, қазақы болмысты әсем сахналады. Ал қалалық опера және балет театрының әншісі Нематилла Зикриллаев композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Отан» және А. Зацепиннің «Тыңда» әндерін орындап, мерекеге әсем әр берді. Театр әртісі Шахиста Усманова өзбек халқының нәзік те көркем әуені — «Мустахзод» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара барысында этносаралық татулық пен бірлікті нығайтуға ерекше үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұл марапаттар этномәдени байланыстарды дамыту жолындағы еңбектің ескерусіз қалмайтынын айқындады.

«Өзбек этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» — Шымкент қаласындағы этностардың өзара түсіністігі мен құрметке негізделген бірлігін тағы бір мәрте дәлелдеген маңызды шара болды. Ол тек өзбек этносының ұлттық құндылықтарын насихаттаумен шектелмей, Қазақстанның «Бірлік пен келісім» саясатының сәтті жүзеге асып жатқанына дәлел ретінде есте қалмақ. Мұндай шаралар – көпэтносты қоғамдағы мәдени алмасуға, рухани жақындасуға, бейбіт өмір мен келісімді сақтау ісіне үлкен үлес қосады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *