Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі бастамалар жалғасуда. Қаладағы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Бұл жолы тазалық жұмыстары Түркістан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қамтыды.
Акцияға «Таза Өлке» КММ қызметкерлерімен қатар, қала ерікті жастары белсене қатысты. Шымкенттік жастар сенбіліктің негізгі қозғаушы күшіне айналып, тұрғындарға үлгі көрсетті. Олар қолдарына қолғап пен қап алып, аула-ауланы қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтарды арнайы техникамен шығарып отырды. Нәтижесінде бір күннің ішінде 1 тоннаға жуық тұрмыстық қоқыс жиналды.
Бұл сенбіліктің басты ерекшелігі – жастардың жоғары белсенділігі. Олар тек тазалық жұмыстарын атқарып қана қоймай, тұрғындармен тілдесіп, экологиялық мәдениет жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Қала – біздің ортақ үйіміз. Егер әрқайсымыз тазалыққа жауапкершілікпен қарасақ, Шымкентті ең таза, ең әдемі қалаға айналдыра аламыз» деген ұстаным акцияға қатысқан жастардың басты ұранына айналды.
– Бүгінгі сенбілікке достарыммен бірге қатыстым. Әуелде тек қоқыс жинаймыз деп ойласақ, іс жүзінде үлкен тәжірибе алдық. Бір жағынан табиғатқа, қоршаған ортаға жанашырлық таныттық, екінші жағынан өзіміздің азаматтық жауапкершілігімізді сезіндік. Мұндай шараларға қатысу бізді біріктіріп, ортақ іске жұмылдырады, – дейді ерікті жас Әлихан Қайратұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар тұрақты түрде жалғасын табады. Себебі жастардың белсенділігі тұрғындардың да қызығушылығын арттырып, көпшілікті қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Әсіресе ерікті жастардың қатысуы сенбілікті тек тазалық жұмысы ғана емес, экологиялық тәрбиенің бір үлгісіне айналдырды.
Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» акциясы – тек қала көшелерін қоқыстан арылтатын шара емес. Ол жастарды белсенді азамат болуға, табиғатты аялауға, туған жеріне жанашырлықпен қарауға үйрететін үлкен мектеп. Шымкенттің ерікті жастары сенбіліктегі белсенділігімен өзгелерге өнеге көрсетіп, өздерінің туған қаласына деген сүйіспеншілігін дәлелдеді.