«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТТЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ ҰЖЫМЫ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ

Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның жарқын көрінісі ретінде ұйымдастырылып отырған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті.

Аталған сенбілікке Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы – Өңірлік коммуникациялар қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері белсене қатысты.

Сенбілік барысында мекеме ұжымы Төлеген Айбергенов көшесінің Республика даңғылы мен Әл-Фараби алаңы аралығындағы жаяу жүргіншілер жолдарын, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, ирригациялық арықтарды және жол жиектерін тұрмыстық қалдықтар мен түрлі қоқыстардан тазартты. Қызметкерлер экологиялық құрал-саймандармен қамтылып, белгіленген аумақта тиянақты жұмыстар атқарды.

Мұндай шаралар – қызметкерлердің еңбекке деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жанашырлық пен қамқорлықты оятатын маңызды іс.

«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндеу, экологиялық мәдениетті насихаттау және ұжымдық жауапкершілік арқылы қоғамда тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бұл бастама азаматтық белсенділікті арттырумен қатар, қалалық инфрақұрылымды жақсартуға да оң әсерін тигізіп отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы осындай игі істерге үлес қосуды өзінің азаматтық борышы деп біледі. Олар тазалық пен тәртіптің – көркейген қаланың кепілі екендігін жақсы түсінеді.

Сенбілік жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Барлық жұмыстар алдын ала жоспарланып, қауіпсіздік талаптары сақталды. Қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтармен бірге жеке қорғаныш заттары да таратылды. Сенбілік соңында жиналған қоқыстар арнайы техника көмегімен қала сыртына шығарылды.

Бүгінгі сенбілік – кезекті бір экологиялық акция ғана емес, қоғамдағы тазалық мәдениетін нығайтуға бағытталған нақты қадам. Қаланың санитарлық жағдайына үлес қосу – тек мемлекеттік мекемелердің емес, барша тұрғындардың ортақ ісі.

Шымкент қаласы әкімдігі мен жауапты мекемелер осындай шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, экологиялық бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Ал Өңірлік коммуникациялар қызметі ұжымы алдағы уақытта да мұндай іс-шараларға белсенді түрде қатысуды жалғастырмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *