Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді түрде қатысып, Достық шағынауданында үлкен сенбілік ұйымдастырды. Бұл шара қаладағы экологиялық мәдениетті арттыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында өткізілді.
Сенбілік барысында шағынауданның Ақбұлақ әулие, Хан ордасы және Сыпыра жырау көшелерінің бойында жиналған тұрмыстық қалдықтар түгелдей жинақталды. Қоқыстың ішінде көше бойына шашылып кеткен полиэтилен пакеттер, сусындар мен азық-түлік ыдыстары, сондай-ақ түрлі тәттілердің қораптары болды. Қызметкерлер бұл қалдықтарды қолмен мұқият теріп алып, тазалау жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Шараға 80-нен астам әлеуметтік сала қызметкерлері қатысып, үш көшеден барлығы шамамен 6 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Жиналған қалдықтар арнайы техниканың көмегімен Абай ауданының коммуналдық сала қызметкерлері тарапынан тиеп, белгіленген орындарға шығарылды. Сенбілік барысында санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды.
Бұл сенбілік — тұрғындардың тұрмыстық ортасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Сонымен қатар, шара қоғамдық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да үлкен үлес қосады. Қала әкімдігі мен басқарма өкілдері тұрғындарды тазалықты сақтау, қалдықтарды дұрыс бөлу және арнайы контейнерлерге тастауға шақырады. Қоқыстарды көшеге тастау қоғамдық және экологиялық тұрғыдан жауапкершіліксіздік болып саналады және қала тазалығына зиян келтіреді.
Шағын аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, қоршаған ортаны таза ұстау — әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан да мұндай сенбіліктер жүйелі түрде өткізіліп, қоғамның барлық саласының өкілдері мен тұрғындардың қатысуымен жалғасатын болады.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы экологиялық акцияларға қатысу арқылы ғана емес, тұрғындар арасында экологиялық тәрбие мен жауапкершілікті қалыптастыруға да баса көңіл бөлуде. Тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігі арқасында Шымкенттің көркі күннен күнге жақсарып, таза әрі жайлы қалаға айналуда.
Қала тұрғындарына экологиялық тазалықты сақтау баршамызға ортақ жауапкершілік екенін ескере отырып, қоқыстарды тек белгіленген арнайы жәшіктерге тастауға шақырамыз. Тек осылай ғана біз таза және қауіпсіз ортада өмір сүре аламыз.