Нұршуақ шағынауданында сенбілік ұйымдастырылып, экологиялық мәдениетті нығайту жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Нұршуақ шағынауданында ауқымды сенбілік өткізді. Акцияның басты мақсаты – қала аумағын тазалау арқылы тұрғындарға таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, сонымен қатар экологиялық жауапкершілікті арттыру.

Бұл жолғы сенбілік Миялы, Сандықкөл және Назқоңыр көшелерінде ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін барынша санитарлық тазалық шаралары жүргізілді. Іс-шара барысында тұрғындар тарапынан шашылған тұрмыстық қалдықтар мұқият жиналып, жол жиектері мен тротуарлар сыпырылды, сонымен қатар ұзақ уақыт бойы өскен қалың арамшөптер орып тасталды. Нәтижесінде, шағынауданның санитарлық ахуалы едәуір жақсарып, айналадағы орта таза әрі тартымды көрініске ие болды.

Сенбілікке жүзге жуық әлеуметтік сала қызметкерлері қатысып, белсенділік танытты. Олар өздерінің күш-жігерін біріктіре отырып, қала тазалығын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, осындай іс-шаралардың экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екендігіне назар аударылды. Әлеуметтік сала мамандары бұл науқан арқылы тұрғындарға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын жеткізіп, азаматтық жауапкершілік танытуға шақырады.

Бұл сенбіліктер алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастырылып, жалғасатын болады. «Таза Қазақстан» акциясының аясында экологиялық тазалықты сақтау – тұрғындардың ғана емес, барлық мекеме қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың ортақ міндеті. Осындай бірлескен шаралар мегаполисте таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық сана-сезімін арттыруға бағытталған.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» – еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан ірі республикалық акция. Оның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту және қоғамның әлеуметтік белсенділігін арттыру. Осы акцияның аясында түрлі әлеуметтік топтар, мемлекеттік және жеке ұйымдар бірігіп, қалалар мен ауылдарды таза әрі әдемі етуге бағытталған жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Шымкент қаласының әкімдігі мен тиісті басқармалар тұрғындарды экологияны қорғау ісіне барынша белсенді араласуға шақыра отырып, таза қала – тұрақты даму мен халықтың әл-ауқатының кепілі екенін ескертеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *