«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ҚАЛАНЫ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

2025 жылдың 22 қыркүйек күні Шымкент қаласында жалпы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Аталған экологиялық іс-шараға Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымы белсене қатысып, табиғатты қорғауға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.

Сенбілік аясында мекеме қызметкерлері Т.Айбергенов көшесінің Республика даңғылы мен Әл-Фараби алаңы аралығындағы аумақта орналасқан жаяу жүргіншілер жолдары мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, ирригациялық арық жүйелерін, жол жиектерін және жасыл аймақтарды тұрмыстық қалдықтар мен өзге де лас заттардан тазартты. Сонымен қатар жасыл желектердің айналасын ретке келтіріп, арамшөптерді орып, абаттандыру бағытындағы жұмыстарды да жүйелі түрде жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындар арасында тазалыққа деген жауапкершілік сезімін нығайту және қала аумағын таза әрі көрікті күйге келтіру. Осы арқылы қала тұрғындарына экологиялық тәрбие берудің маңызы артып, табиғатқа жанашырлықпен қарау — баршамыздың ортақ міндетіміз екені көрсетілді.

Мекеме мамандары сенбілікке жоғары жауапкершілікпен қарап, бекітілген аумақты қысқа мерзім ішінде тәртіпке келтірді. Жиналған қалдықтар тиісті мекемелердің көмегімен арнайы техника арқылы шығарылды. Бұл ретте әрбір азаматтың қаланы таза ұстаудағы жеке үлесі маңызды екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшылығы мұндай іс-шаралардың тек тазалық жұмыстарымен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар қоғамдық мәдениетті қалыптастыруда, ұжымдық ынтымақ пен жауапкершілікті нығайтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады. «Таза Қазақстан» акциясы — қоршаған ортаға деген жанашырлықтың, ұлттың мәдени деңгейінің көрінісі. Осы акция арқылы еліміздің барлық аймақтарында тұрғындардың экологиялық сауатын арттыру және табиғатпен үйлесімді өмір сүру салтын қалыптастыру көзделген.

Қала әкімдігі барлық шымкенттіктерді табиғатты аялауға, қоғамдық ортадағы тазалықты сақтауға және экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырады. Таза қала — денсаулық кепілі, жарқын болашақтың бастауы!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *