Шымкент қаласының көріктендіру және абаттандыру бағытындағы жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының демалыс сапасын арттырып, эстетикалық орта қалыптастыру мақсатында бүгінде Көл (Озеро) аумағында заманауи музыкалық субұрқақтың құрылысы жүріп жатыр.
Заманауи технология – қала көркіне үлес
Субұрқақ жобасы халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ерекше архитектуралық шешіммен жүзеге асуда. Жаңа субұрқақ 100-ден астам су атқыш құрылғыларымен жабдықталып, әуен ырғағына сәйкес әртүрлі биіктікте су атқылайтын болады. Су бағандарының қозғалысы белгілі бір музыкалық композицияларға үндесе отырып, көрермендерге ерекше визуалды және дыбыстық әсер сыйлайды.
Құрылғы LED жарық технологиясымен қамтылып, түнгі уақытта түрлі-түсті жарық шоуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен қала қонақтары үшін жаңа демалыс аймағының көркін арттыра түсетіні сөзсіз.
Қоршаған орта мен су айдынының қауіпсіздігі назарда
Музыкалық субұрқақ құрылысына дайындық барысында көл түбін тазалау қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты көл суы уақытша Қошқар ата өзеніне ағызылып, құрылыс алаңында қауіпсіздік шаралары қабылданды.
Тұрғындар тарапынан балықтар мен су жәндіктерінің тағдырына алаңдаушылық білдірілген болатын. Бұл ретте Шымкент қаласының жауапты мекемелері көл ішіндегі тіршілік иелері арнайы бұлақ көзі бар арыққа уақытша көшірілгенін хабарлады. Сондықтан да балықтардың тіршілігіне алаңдауға негіз жоқ. Құрылыс аяқталғаннан кейін су айдыны қалпына келтіріліп, биоәртүрлілік те сақталады.
Қала бойынша субұрқақтар инфрақұрылымы дамуда
Жалпы Шымкент қаласы аумағында қазіргі таңда 65 нысанда 86 субұрқақ орналасқан. Оның ішінде 25 нысандағы 40 субұрқақ Шымкент қаласының Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде. Ал қалған 40 нысандағы 46 субұрқақ басқа да мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлердің балансына тиесілі.
Қалалық басқарма балансындағы субұрқақтар арнайы бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес толыққанды қызмет көрсетіп отыр. Әрқайсысының техникалық жағдайы тұрақты бақылауда.
2025 жылы пайдалануға берілген жаңа субұрқақтар
Биылғы жылы қала аумағында жаңадан 15 субұрқақтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Атап айтқанда:
-
Абай ауданында – 3 субұрқақ;
-
Әл-Фараби ауданында – 4 субұрқақ;
-
Еңбекші ауданында – 2 субұрқақ;
-
Қаратау ауданында – 4 субұрқақ;
-
Тұран ауданында – 2 субұрқақ пайдалануға берілді.
Бұл нысандар тек қаланың көркіне сән беріп қана қоймай, экологиялық ахуалдың жақсаруына, ауа ылғалдылығының артуына да оң әсер ете
Көл аумағындағы музыкалық субұрқақ – Шымкент қаласының жаңа символдарының біріне айналуы мүмкін. Бұл бастама қала әкімдігінің қоғамдық кеңістіктерді жақсарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және туристік әлеуетті дамыту бағытындағы кешенді жұмыстарының бір бөлшегі ғана.
Қала билігі абаттандыру мен инфрақұрылымдық дамуды одан әрі жалғастыра отырып, тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға, таза әрі жайлы орта қалыптастыруға үндеуде.
Шымкент – жайлы қала, жаңа серпінмен!