ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАРДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру саласын дамыту, әсіресе мектептердің инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің тікелей тапсырмасымен еліміз бойынша 2023–2025 жылдары 1300-ге жуық мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Бұл ауқымды бастамаға Шымкент қаласы да белсене атсалысуда. Ағымдағы жылы мегаполисте 9 мектепке күрделі жөндеу, 1 білім нысанының жылыту жүйесін жаңарту, сондай-ақ 1 балабақшаға жөндеу жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда бұл жұмыстар кезең-кезеңімен орындалуда.

Бүгінгі таңда күрделі жөндеу жұмыстары бірқатар мектептер мен балабақшаларда толық аяқталды. Жөндеуден өткен нысандардың қатарында:

  • Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының бірнеше оқу корпустары (Б, В, В1, В2, М, Д, Д1, Д2, Д3);

  • Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі;

  • Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектеп;

  • Мукими атындағы №13 жалпы орта білім беретін мектеп;

  • Ө. Жәнібеков атындағы №19 жалпы білім беретін орта мектеп (жылу жүйесі жаңартылды);

  • Жамбыл атындағы №26 мектеп-гимназия;

  • №75 мектеп-гимназия;

  • №99 мектеп-гимназия;

  • Хамза атындағы №108 жалпы орта мектеп;

  • №109 жалпы білім беретін мектеп;

  • №97 балабақша.

Бұл нысандарда тек ішкі-сыртқы жөндеу ғана емес, инженерлік жүйелерді толық жаңарту, қауіпсіздік талаптарын күшейту, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту, мектеп маңындағы аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қатар атқарылды.

Жаңғыртылған мектептер заманауи білім беру талаптарына толықтай сай келетін деңгейге жеткізілуде:

  • Жылыту жүйелері жаңартылып, қыс мезгілінде оқушылардың жайлы білім алуына жағдай жасалды;

  • Электр желілері мен жарықтандыру жүйелері заманауи стандарттарға сәйкестендірілді;

  • Мектеп жиһаздары ауыстырылып, оқушылар мен мұғалімдердің күнделікті жұмысына жайлы орта құрылды;

  • Әжетханалар мен су жүйелері ішке енгізілді және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай толық жабдықталды;

  • Бейнебақылау, өрт қауіпсіздігі жүйелері мен дабыл жүйелері орнатылды;

  • Мүгедектігі бар балаларға арналған пандустар мен арнайы жабдықтар қарастырылды;

  • Мектеп аумағы толықтай абаттандырылып, балалар үшін ойын және спорт алаңшалары салынды.

Көгалдандыру – оқушылар үшін экологиялық мәдениеттің бастауы

Қалалық білім беру мекемелерінің тек ғимараттары емес, олардың аумағы мен айналасы да ерекше назарда. Жаңғыртудан өткен мектептерде көгалдандыру жұмыстары қарқын алды:

  • Аулаларға көпжылдық ағаштар, көгалдар, гүлзарлар отырғызылды;

  • Тамшылатып суару жүйелері енгізілді;

  • Кейбір мектептерде оқушыларға арналған оқу-тәжірибе бақтары (мини-экосаябақтар) құрылуда;

  • Көгалдандыру арқылы мектеп маңында жасыл белдеулер қалыптасып, бұл экологиялық тәрбие берудің тиімді құралына айналуда.

Мұндай жұмыстар оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін, таза ортада болуға деген ұмтылысын, сондай-ақ жасыл экономика қағидаларын ерте жастан сіңіруге мүмкіндік береді.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, мектептердегі инфрақұрылымдық жаңғырту тек ағымдағы жылдың жоспары ғана емес, алдағы жылдары да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Мақсат – барлық білім беру ұйымдарын қауіпсіз, ыңғайлы және заманауи білім беру кеңістігіне айналдыру.

Мектептер мен балабақшаларда жүргізіліп жатқан бұл жаңғырту жұмыстары балалардың сапалы білім алуына, тәрбие мен дамуға қолайлы орта қалыптастыруға және ата-аналар мен ұстаздар үшін сенімді инфрақұрылым ұсынуға бағытталған.

Шымкент қаласында білім беру саласына бағытталған инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары – бұл Президенттің тапсырмасын нақты орындаудың, болашақ ұрпақтың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жол ашудың жарқын үлгісі.

Мектептер мен балабақшалардың жаңаруы – тек ғимараттардың жаңаруы ғана емес, ұлт болашағына салынған инвестиция. Жаңғыртылған мектептер – бұл білім сапасының, тәртіп пен тәрбие деңгейінің, сонымен қатар қоғамдағы сенімділіктің артуына жасалған нақты қадам.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *