«Таза Қазақстан»: Шымкентте мәдениет саласының қызметкерлері жалпы қалалық сенбілікке шықты

20 қыркүйек күні Шымкент қаласында елімізде кең көлемде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жолы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен оған қарасты мекемелердің қызметкерлері белсенді түрде атсалысып, қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосты.

Іс-шараның басты мақсаты — қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, сондай-ақ тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Бұл бағытта мәдениет саласының өкілдері әрдайым алдыңғы қатардан табылып келеді.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, экологиялық сана мен тазалыққа деген жауапкершілік тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті болуы тиіс. Сондықтан да сенбілікке тек әкімшілік қызметкерлер ғана емес, қаланың мәдени өмірінде еңбек етіп жүрген шығармашылық мамандар да жұмыла қатысты.

500-ден астам мәдениет қызметкері жұмылды

Сенбілік жұмыстарына 500-ден астам мәдениет қызметкері қатысып, Нұршуақ шағын ауданындағы Жарқұдық көшесінің бойында орналасқан қоғамдық аумақтарды, жол жиегін, бос жерлерді тазартты.

Тазалық шарасына екі бірлік арнайы техника тартылып, жиналған 10 тоннаға жуық қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Аудан тұрғындары мен өтіп бара жатқан қала тұрғындары да бұл бастаманы қолдап, мәдениет қызметкерлерінің еңбегіне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Сенбіліктің ерекшелігі — оған елімізге белгілі мәдениет қайраткерлерінің де белсене қатысуында. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызы, белгілі кинорежиссер Серік Талас, жас актерлер мен шығармашылық өкілдері де қолдарына құрал-сайман алып, тазалық жұмыстарына белсене араласты.

«Тазалық – тек сыртқы ортаға қатысты ұғым емес. Бұл — рухани тазалықтың да көрінісі. Біз, өнер адамдары, халыққа үлгі болуға тиіспіз. Сондықтан бүгінгі сенбілікке қатысып, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үндеуімізді білдіріп отырмыз», — деді Майра Мұхамедқызы.

«Таза Қазақстан» акциясы – бұл экологияны жақсартуға бағытталған бір реттік шара емес, жалғасын табатын, жүйелі түрде іске асырылатын экологиялық қозғалыс. Шымкент қаласында әр апта сайын түрлі ұйымдар мен ұжымдар өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық шараларын өткізіп келеді.

Мәдениет саласының қызметкерлері де бұл бастамадан шет қалмай, табиғатқа деген жауапкершілік пен патриотизмді іспен дәлелдеді.

Сенбілік тек аумақты тазарту емес, бірлік пен қоғамдық жауапкершілікті нығайтатын іс-шара ретінде де маңызды. Шымкент қаласының мәдениет саласы өкілдерінің белсенділігі — бұл елдік іс, ұрпаққа үлгі боларлық әрекет.

Мәдениет – тек сахна мен кітапхана қабырғаларында ғана емес, айналаны таза ұстау мен қоғамға үлгі болудан басталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *