Абай атындағы кітапхана ұжымы «Таза Қазақстан – таза қала!» ұранымен сенбілікке қатысты

Бүгін Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мақсатында өткізілген «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Абай атындағы қалалық орталық кітапхана ұжымы сенбілікке белсене қатысты.

Шараның негізгі мақсаты — қала аумағын қоқыстан тазартып, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті насихаттау, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыра отырып, таза қоғам – жарқын болашақ идеясын ілгерілету.

«Таза Қазақстан – таза қала!» ұранын ұстанған кітапхана қызметкерлері мекеме ауласын, жаяу жүргіншілер жолын, айналасындағы қоғамдық аумақты және жасыл желек аумағын қоқыстан тазалап, ретке келтірді. Сенбілік барысында шөптер орып, қураған бұталар мен ағаш жапырақтары жиналды.

Кітапхана ұжымы бұл шараны тек тазалық жұмысы деп емес, қоғамдық жауапкершілікті арттыратын рухани бастама деп қабылдады.

– Қоғамдық сана тек кітаптан емес, әрекеттен де қалыптасады. Біз жастарға сөзбен ғана емес, іспен де үлгі көрсетуіміз керек. Табиғатты қорғау – тек бір күндік жұмыс емес, бұл – өмір салтына айналуы тиіс, – дейді кітапхана директоры.

Сенбілікке кітапхананың барлық қызметкері белсене атсалысты. Олар таза орта қалыптастыруға өздерінің азаматтық борышы ретінде қарап, ұжымдық ынтымақ пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

– Кітапхана қызметкерлерінің тазалыққа атсалысуы – қоғамға беріліп отырған маңызды месседж. Таза қала – бақытты қоғамның негізі. Әр адам осындай игі істерге үлес қосса, қоршаған ортамыз көркейе түсер еді, – деді сенбілікке қатысушылардың бірі.

«Таза Қазақстан» акциясы — еліміздің болашағы үшін маңызды бастама. Абай атындағы қалалық орталық кітапхана ұжымы бұл акцияға белсенді түрде атсалысып, табиғатқа деген құрмет пен тазалық мәдениетінің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Таза қала – дені сау ұлттың кепілі, ал экологиялық тәрбие – ұрпаққа қалатын аманат.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *