2025 жылғы 13 қыркүйек күні Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпы қалалық сенбілік өтті. Ауқымды шараға қаладағы оқу орындары да белсене қатысып, жастарды экологиялық тәрбиеге тарту бағытында игі қадамдар жасалуда. Соның жарқын мысалы ретінде, Шымкент қаласындағы Энергетика және байланыс колледжінің жатақханасында тұратын студенттердің сенбілікке ұйымшылдықпен қатысуын атап өтуге болады. Сенбіліктің мақсаты — табиғатты аялау мен азаматтық жауапкершілікті арттыру.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты — еліміздің барлық өңірлерінде санитарлық тазалық пен экологиялық тәртіпті нығайту, тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру. Бұл бастама жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, қоғамдық белсенділікке үн қосуға жол ашады.
Жатақхана аумағы тазартылып, экологиялық мәдениет насихатталды. Сенбілік барысында колледждің жатақханасында тұратын студенттер өз еркімен бірігіп, жатақхана аумағында санитарлық тазалау, қоқыс жинау, арамшөп отау, жер тегістеу, жол жиегін сыпыру сияқты жұмыстарды атқарды. Сонымен қатар, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылып, айнала тәртіпке келтірілді.
Жастар тазалық жұмыстарына белсенділікпен қатысып, табиғатты қорғауға деген көзқарастарын нақты іспен дәлелдеді. Мұндай шаралар студенттерді ұжымшылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеумен қатар, олардың қоршаған ортаға деген жанашырлығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Жастар — экологиялық мәдениеттің жаршысы
Сенбілікке қатысқан студенттер бұл іс-шараның маңызын жақсы түсінетінін айтты. Олардың пікірінше, тазалық сақтау әр азаматтың парызы, ал «Таза Қазақстан» секілді бастамалар ұрпақ санасына экологиялық мәдениетті терең сіңіруде ерекше рөл атқарады.
«Туған қаламыздың таза, жайлы, жасыл әрі көрікті болғанын қалаймыз. Сондықтан осындай сенбіліктерге қатысу — біз үшін үлкен жауапкершілік әрі азаматтық борыш», – деді студенттердің бірі.
Экологиялық сенбіліктер — табиғатты қорғауға бағытталған нақты әрекеттердің бірі ғана емес, сонымен бірге елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын жастардың тәрбиесін қалыптастыратын маңызды құрал. Энергетика және байланыс колледжі жатақханасының жастары бұл жолы да ұйымшылдық танытып, «Таза Қазақстан» акциясына өздерінің лайықты үлесін қосты.
Таза орта — жарқын болашақтың кепілі!