СЕНБЕЛІК – ТАЗАЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ!

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде кең ауқымды іс-шара өтті. Қазіргі таңда елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың 18 қыркүйек күні бүкіл ел аумағында жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» акциясы өткізілді. Осы игі бастама аясында Шымкент аграрлық-техникалық колледжі де өз белсенділігін көрсетіп, 1-курс студенттерінің қатысуымен сенбілік ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты — жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, бұл акция арқылы студенттерге туған жеріне деген сүйіспеншілікті насихаттау, тазалықты сақтауға, қоғам игілігі үшін белсенді болуға үйрету көзделді. Акция аясында таңертеңгі саптүзеу кезінде «Таза қала, таза аула, таза үй» тақырыбында арнайы баяндама оқылып, студенттерге тазалықтың қоғамдағы рөлі мен маңызы жан-жақты түсіндірілді.

Одан әрі қарай колледждің белсенді студенттері арасында эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушылар экология, туған жерге деген махаббат, қоршаған ортаны сақтау және экологиялық қауіпсіздік тақырыптарында өз ойларын жазбаша түрде жеткізді. Бұл шығармашылық жұмыс студенттердің табиғатқа деген көзқарасын, ой-өрісін ашуға мүмкіндік берді. Колледж жастары бұл күні сенбілікке шығып, оқу орнының айналасын, жасыл белдеулер мен демалыс аймақтарын қоқыстан тазартты, ағаш түптерін әктеп, табиғи ортаны жақсартуға өз үлестерін қосты.

Бұл – тек тазалық шарасы емес, жастардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын саналы азамат болып қалыптасуына бағытталған нақты қадам. Экологиялық сана қалыптастыру тек практикалық әрекеттермен шектелмейді. Осыған орай, колледждің өзін-өзі басқару ұйымы тарапынан арнайы таратпа парақшалар мен экологиялық үнпарақтар әзірленіп, студенттер мен ұстаздар қауымына таратылды. Бұл материалдарда тазалық сақтау мәдениеті, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару және табиғатты ластамау жолдары көрсетілді. Қоғамдағы экологиялық мәселелер – тек табиғаттың ғана емес, адамның өмір сүру сапасының көрсеткіші. Қоршаған орта таза болмаса, денсаулық, қауіпсіздік және жалпы өмір сүру деңгейі төмендейді. Сондықтан да жастардың бойында «тазалық – мәдениеттің көрінісі» деген ұстанымды қалыптастыру – болашақтың кепілі. Мемлекет қолға алған «Таза Қазақстан» акциясы – бұл ел азаматтарын біріктіруге, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған тиімді платформа. Ал жастардың бұл процеске белсене қатысуы – ертеңгі күнге сенімді қадам.

Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде өткен бұл іс-шара – жастардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Тазалық – тек санитарлық талап емес, бұл – адамның ішкі мәдениеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігінің айғағы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *