Шымкент қаласындағы №135 жалпы орта білім беретін мектебінде «Таза қала, таза аула, таза үй» тақырыбында экологиялық тәрбие сабағы өтті Қазіргі таңда елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ұлт денсаулығы мен ел болашағы үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта елімізде ауқымды бастамалар қолға алынып келеді. Соның бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы. Бұл бастама арқылы тек қана тазалық сақтау емес, сонымен қатар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру көзделеді.
Осы акция аясында 2025 жылдың 18 қыркүйегінде Шымкент қаласындағы №135 жалпы орта білім беретін мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған «Таза қала, таза аула, таза үй» атты ашық тәрбие сабағы ұйымдастырылды. Сабақ барысында 4 «Б» сынып оқушылары экологиялық білімдерін тереңдетіп, табиғатқа жанашырлық таныту дағдыларын шыңдады. Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаны қорғауға деген көзқарасын қалыптастыру және күнделікті өмірде тазалық сақтау дағдыларын дамыту. Сонымен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті нығайту – тәрбие жұмысының басты бағыты ретінде қарастырылды.
Сынып жетекшісі Салтанат Салыбекқызы сабақты ерекше форматта ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігі мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға басымдық берді. Оқушылар үш топқа бөлініп: «Таза қала», «Таза аула», «Таза үй» тақырыптары бойынша экологиялық мәселелерді талқылады. Әр топ өз тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындады. Сабақ барысында тек теориялық ақпаратпен шектеліп қалмай, оқушыларға іс-тәжірибелік тапсырмалар да берілді: сынып бөлмесінде гүл отырғызу арқылы табиғатқа күтім жасауды үйренді; тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жолдарын көрсетті; экологиялық қойылым арқылы тазалықтың маңызын сахналады. Мұндай әдістемелік тәсіл оқушылардың тақырыпты терең түсінуіне, әрі сол білімді өмірде қолдануға дайын болуына үлкен әсер етті.
Бұл сабақ – тек бір сыныптың немесе бір мектептің жұмысы емес, жалпы қалалық эко-білім беру жүйесінің бір бөлігі. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы барлық мектептер мен колледждерде экологиялық тәрбиеге бағытталған ашық сабақтар, тренингтер, семинарлар және эко-экскурсиялар тұрақты түрде өткізілуде. Сонымен қатар, жалпықалалық сенбіліктерге қатысу арқылы оқушылар өз ауласын, көшесін таза ұстауға дағдыланып, қоғамда өз орнын табуға үйреніп келеді. №135 жалпы орта білім беретін мектепте өткен «Таза қала, таза аула, таза үй» атты ашық сабақ – жас буынды экологиялық тұрғыдан сауатты, табиғатқа жанашыр азамат ретінде тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Мұндай іс-шаралар балалардың бойында эко сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, болашақта таза әрі жасыл Қазақстанды құруға жол ашады. Табиғатты қорғау – әр баланың жүрегіне ұя салуы тиіс қасиет. Ал сол қасиетті дарыту – бүгінгі мұғалімдер мен ата-аналардың ортақ міндеті.