ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жақында ел абыройын асқақтатқан спорт саңлақтарымен кездесті. Жиын мақтаныш пен шабытқа толы атмосферада өтіп, қала басшысы чемпиондарды жеңістерімен құттықтап, ел мерейін үстем еткен азаматтардың ерлігіне ерекше тоқталды.

Айта кетейік, 2025 жылдың 4–14 қыркүйегі аралығында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан Әлем чемпионаты өткен болатын. Бұл дүбірлі додада Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді – 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп, әлемдік бокс тарихына есімін алтын әріппен жазды.

Осы орайда Шымкент қаласының тумалары, ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхан ел мақтанышына айналды.

  • Махмұд Сабырхан (55 кг) – өзінің спорттық мансабында екінші мәрте Әлем чемпионы атанды.

  • Ал оның 19 жастағы інісі, Төрехан Сабырхан (70 кг) – тұңғыш рет әлемдік деңгейде топ жарып, чемпион атанып, Қазақстан спортының жаңа жұлдызына айналды.

Қалалық құрмет пен марапат

Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков ағайынды чемпиондарға алғыс айтып, оларды арнайы сыйлықтармен марапаттады:

  • Махмұд Сабырхан мен Төрехан Сабырханға – автокөлік пен пәтер кілті табысталды.

  • Сонымен қатар, қос боксшының жеке бапкеріне де пәтер сыйланды.

Бұл — спортқа деген құрметтің айқын көрінісі ғана емес, жас ұрпаққа үлгі боларлық нақты қолдау.

Шымкент спортшылары – халықаралық ареналарда

Боксшылардан бөлек, шымкенттік өзге де спортшылар Азия мен әлем біріншіліктерінде жарқырай көрінді:

  • Санжар-Әли Бегалиев – Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын иеленді.

  • Ғалымжан Темірбаев – тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы атанып, Абайдың 180 жылдығына арналған халықаралық турнирде топ жарды.

  • Жұмажан Қожамбеков – әскерилер арасындағы жарыста қазақ күресінен әлем чемпионы атанып, мықтылығын тағы дәлелдеді.

Осы спортшыларға да пәтер сертификаттары табысталды.

Спорт – ел мерейі

Жиын барысында Ғабит Сыздықбеков спортшылардың табандылығына, тәртіп пен төзімге негізделген еңбектеріне жоғары баға берді:

«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық – осындай нәтижелерге жетелейді. Біздің спортшылардың жетістіктері – тек Шымкенттің емес, бүкіл Қазақстанның абыройы. Олар жастарды шабыттандырып, ел намысын әлем алдында биікке көтеруде», – деді қала әкімі.

Кездесу соңында шаһар басшысы чемпиондарды тағы бір мәрте құттықтап, бапкерлер мен ата-аналарына алғыс айтып, алдағы жарыстарда жеңісті жолдарының жалғаса беруіне тілектестік білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *