Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласы жаңа серпін алуы мүмкін. Жуырда елімізге Түркияның Görkem Agricultural Products Food Plastic Packaging LTD. Sti. компаниясының өкілдері арнайы сапармен келіп, қала әкімдігі мен салалық құрылымдармен келіссөздер жүргізді. Сапар мақсаты – Шымкенттің агроөнеркәсіптік әлеуетін зерделеу, бірлескен инвестициялық жобаларды талқылау, сондай-ақ түрік тәжірибесін өңірге бейімдеу мүмкіндігін қарастыру. Өзінің климаттық ерекшелігі, күн сәулесінің молдығы және ауыл шаруашылығына бейімделген топырағы арқасында Шымкент жыл бойы өнім алуға қолайлы аймақтардың қатарында. Қала маңындағы жерлерде дәстүрлі көкөніс пен бақша өнімдерінен бөлек, жеміс-жидек, тіпті цитрус өнімдерін өсіруге де мүмкіндік бар. Осы жағдай түрік инвесторларының қызығушылығын оятқан. Шетелдік қонақтарға өңірдің: жылыжай кешендері, суармалы жерлер, қойма инфрақұрылымы, жергілікті агротехникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Түркиялық тәжірибе: анар мен цитрус экспортының көшбасшысы Görkem Agricultural Products Food Plastic Packaging LTD. Sti. – Түркиядағы агробизнес секторының белді ойыншысы. Компания Анталья қаласында 2001 жылы құрылған, бүгінде жылына 8500 тоннадан астам анар өнімін экспорттайды. Компания қызметінің негізгі бағыттары: анар, өрік, шие және түрлі цитрус дақылдарын өсіру, орау және экспортқа бейімдеу, салқындатылған қоймаларда ұзақ сақтау, көшет өндіру мен агротехникалық шешімдерді енгізу. Компанияның өндірістік кешені 18 500 м² аумақты алып жатыр, оның ішінде 12 000 м² – тоңазытқыш және орау цехтары. Мұндай инфрақұрылым өнім сапасын сақтауға, жыл бойғы нарықтық сұранысты қамтамасыз етуге және тұрақты экспорт көлемін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бірлескен жобалар не береді? Инвесторлар Шымкентте көшет өндіру, жылыжай кешендерін салу, жеміс сақтау қоймаларын тұрғызу және арнайы агробақтар отырғызу жобаларын қарастырып отыр. Бұл жобалар іске асқан жағдайда: Жаңа жұмыс орындары ашылады; Ауыл шаруашылығында заманауи агротехнологиялар енгізіледі; Жергілікті фермерлер үшін білім мен тәжірибе алмасу алаңы қалыптасады; Өңірде экспортқа бағытталған өнім түрлері көбейеді; Азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық әртараптандыру қарқыны артады. Бұл бағыттағы ынтымақтастық мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде инвестициялық жеңілдіктер, субсидиялау және жер телімдерін бөлу тәрізді құралдар арқылы күшейтілуі тиіс. Шымкент – халықаралық агроәріптестікке ашық Шымкент қаласының әкімдігі шетелдік инвестицияны тарту және өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытын жүйелі жүргізіп келеді. Инвесторлар үшін жеңілдетілген рәсімдер, «бір терезе» қағидаты, арнайы экономикалық аймақ мүмкіндіктері, сондай-ақ инфрақұрылымдық қолдау тетіктері қарастырылған. «Біз шетелдік әріптестермен ашық жұмыс істеуге дайынбыз. Әсіресе ауыл шаруашылығы – жаңа идеялар мен технологияларға мұқтаж сала. Осындай жобалар арқылы өңірлік агробизнес дамып, халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруге мүмкіндік туындайды», – деп атап өтті сала өкілдері кездесу барысында. Görkem Agricultural компаниясының Шымкентке қызығушылық танытуы – өңірдің аграрлық әлеуетінің артқанын көрсетеді. Бұл тек инвестициялық жоба ғана емес, тәжірибе алмасу, агроинновацияларды енгізу және ауылдық аумақтардың өркендеуіне жаңа серпін беретін қадам болмақ. Осы сапар нәтижесінде нақты келісімдер мен меморандумдар қабылданса, Шымкент Қазақстандағы жеміс-жидек экспортының жаңа хабына айналуы әбден мүмкін.