Шымкентте сенбілік өтті: Дін істері басқармасы мен діни бірлестіктер қала тазалығына атсалысты

Таза Қазақстан – бәрімізге ортақ іс! Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тазалық жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Бүгін бұл бастамаға қалалық Дін істері басқармасы мен орталық қызметкерлері, сондай-ақ бірқатар діни бірлестіктер белсене атсалысып, сенбілік жұмыстарын жүргізді. Тазалық шаралары Тәуке хан даңғылы №7, №11, А. Байтұрсынов көшесі №10, және Тыныбаев көшесі №1 мекенжайларындағы көпқабатты үйлердің аулаларында ұйымдастырылды. Қатысушылар тұрғын үйлердің айналасын тұрмыстық қалдықтан тазартып, қураған шөп-шалғындарды шауып, санитарлық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосты.

Мұндай жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру, экологиялық мәдениетті арттыру және қоғамды тазалыққа үндеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сенбілік жұмыстарына қаладағы діни бірлестіктер де белсенді түрде қатысып, өздеріне бекітілген аумақтарды абаттандырды. Олар тек ғибадат орындарының айналасын ғана емес, қоғамдық орындарды да тазалауға үлес қосты. Бұл – дін мен қоғамның өзара ықпалдастығының, бір мақсатқа жұмылған іс-әрекеттің айқын көрінісі. – Тазалық – имандылықтың белгісі. Қоршаған ортаға деген құрмет, тазалықты сақтау – әрбір азаматтың парызы.

Бүгінгі сенбілік – адамдарды бірлікке, ұйымшылдыққа және табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулиды, – деді шараға қатысушылардың бірі. «Таза Қазақстан» акциясы – тек қоқыс жинап, ауланы ретке келтіру емес, қоғамдық санада тазалықтың маңызын ұғындыруға бағытталған кең ауқымды экологиялық қозғалыс. Бұл игі бастама арқылы жастар тәрбиеленіп, үлкендер үлгі көрсетіп, ортақ жауапкершілік қалыптасады. Қала әкімдігі мен салалық басқармалар мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізіп, әр мекемені, әр ұйымды тазалықты сақтауға үлес қосуға шақыруда. Шымкент қаласында ТазаҚазақстан экологиялық акциясы жыл соңына дейін жалғасын табады. Келесі кезеңдерде басқа мекемелер мен тұрғындар да белсенді қатысуы күтіледі. «Таза қала – өзіміз үшін. Күнделікті тұрмыста тазалық сақтау, айналаны күтіп ұстау, қоқысты бей-берекет тастамау – әрбір шымкенттіктің борышы. Бәріміз бірге еңбек етсек, қала ажары да, өмір сапасы да арта түседі!» «Таза Қазақстан» – бұл тазалықтан бастау алатын ұлт саулығының айнасы. Шымкенттіктер бұл бастаманы қолдап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, тазалықты тіршіліктің өзегі ретінде бағалап келеді. Бәріміз бірге таза қала үшін еңбек етейік!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *