«AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын жалғастыруда

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын кезекті мәрте ұйымдастырды. Бұл жолғы сенбілік Әл-Фараби ауданына қарасты Сәуле шағынауданының аумағында өтті. Шара аясында тұрғын үй маңайлары, ашық алаңдар, жасыл белдеулер мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Акцияға партияның қалалық және аудандық филиалдарының өкілдері, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Қоршаған ортаның жағдайына бей-жай қарамайтын 30-ға жуық ерікті азамат бірігіп, қоқыс жинау, арам шөптерді ору, қураған бұтақтарды тазалау сынды жұмыстарды атқарды. «Мұндай акциялар тек тазалықпен шектелмейді, бұл — азаматтық жауапкершілікті арттыратын нақты қадам. Таза орта – дені сау ұрпақтың кепілі», — дейді шараға қатысқан партия мүшесі Мақсат Ерланұлы.

2025 жылдың басынан бері «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» акциясы 36 рет ұйымдастырылып үлгерген. Бұл акцияларға 2 500-ден астам шымкенттік тұрғын қатысқан. Нәтижесінде: 35 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды; 200-ден астам ағаш көшеті егілді; ондаған гектар аумақ арам шөп пен қураған бұталардан тазартылды. Мұндай нәтижелер — тек әкімдік пен партия жұмысының емес, қоғам белсенділігінің де айғағы. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының аясында жүзеге асып келеді. Жобаның негізгі мақсаты — елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындарды табиғатты аялауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға үйрету.

«Біздің партия — қоғамды біріктіріп, игілікті іске жұмылдыратын күш. Тазалық жұмыстары — соның жарқын көрінісі. Бұл – тек бір күндік іс-шара емес, бұл – ұлт саулығына, ұрпақ болашағына бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық қадам», — дейді «AMANAT» партиясының қалалық филиалы төрағасының орынбасары. Партия өкілдерінің айтуынша, «Таза бейсенбі» акциясы аптасына бір рет тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта бұл бастама өзге қалалар мен ауылдық жерлерде де кеңінен қолдау табады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, оқушылар мен студенттер, медициналық және білім беру мекемелерінің ұжымдары, жеке кәсіпорындар мен өндіріс орындары да осы жобаға белсенді түрде тартылып жатыр. «AMANAT» партиясы қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған нақты істерді жүйелі түрде жүзеге асыруда.

«Таза бейсенбі» сияқты акциялар – елдің экологиялық болашағы үшін маңызды қадам. Бұл — табиғатты құрметтеуге, ұрпаққа таза ауа, таза су, жасыл орта қалдыруға бағытталған бастама. Таза қала – ұлт мәдениетінің айнасы. Ал оны сақтау – әр азаматтың борышы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *