“AMANAT” партиясының шымкенттік белсенділері индустриялды аймақта сенбілік өткізді

20 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні. Бұл дата – қоршаған ортаны қорғауға арналған жаһандық бастамалардың бірі. Осы күні әлемнің миллиондаған тұрғыны табиғатты қоқыстан тазартып, экологиялық сана мен азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетеді. Шымкент қаласының тұрғындары да бұл бастамадан тыс қалмай, түрлі экологиялық акцияларға белсенді атсалысты. Атап айтқанда, қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған “AMANAT” партиясының мүшелері, қалалық және аудандық деңгейдегі депутаттар, зауыт қызметкерлері мен еріктілер Индустриалды аймақ аумағында сенбілік ұйымдастырып, нақты іспен үлгі көрсетті. Шымкент қаласының өндірістік дамуында Арнайы индустриялық аймақтың  рөлі орасан зор.

Бұл аймақ – ондаған ірі және орта кәсіпорындардың шоғырланған нүктесі. Дегенмен, мұндай қарқынды өндірістік белсенділік экологиялық тәртіп пен санитарлық тазалықты ерекше бақылауды талап етеді. Игі бастаманы қолдаған барлық зауыт жетекшілері, жұмысшылар және еріктілер сенбілікке жұмылдырылып, қоқыстар мен қураған шөптерден аймақтың тең жартысы тазарды. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы техникалар көмегімен жерлерге су шашылып, барлық шөп қалдықтары толықтай жиналды. Сенбілікке қатысқан жұмысшылардың айтуынша, тазалық жұмыстары тек бір күнмен шектелмейді. Көптеген зауыт ұжымдары: апта сайын ішкі аймақтарын тазартады, әр екі апта сайын сыртқы периметрдің тазалығына шығады, экологиялық нормаларды сақтау бойынша арнайы ережелермен жұмыс істейді. Мұндай жүйелі іс-шаралар тек экологиялық қауіпсіздік үшін ғана емес, еңбек мәдениетін, ұжымдық жауапкершілікті және қалалық ортаға құрметпен қарау дағдыларын қалыптастыру үшін де маңызды.

Қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов өз сөзінде былай деді: «Бүгінгі сенбілік — жай ғана тазалау шарасы емес, бұл — қоғамдық жауапкершіліктің, ұйымшылдық пен туған жерге жанашырлықтың көрінісі. Біз, халық қалаулылары, кабинетте ғана емес, іс жүзінде де үлгі көрсетуді жөн деп білеміз. Экологиялық мәдениетті әрбір азаматтың бойына сіңіру – басты міндеттердің бірі». “AMANAT” партиясы соңғы жылдары экология, жасыл энергетика, қалдықтарды басқару, су ресурстары мен орман алқаптарын сақтау бойынша нақты саяси бастамалар көтеріп келеді. Сенбіліктер, жасыл жобалар мен волонтерлік қозғалыстар осы идеологияның бір бөлшегіне айналып отыр. Тек Индустриалды аймақпен шектелмей, Дүниежүзілік тазалық күніне орай Шымкенттің барлық аудандарында сенбіліктер өтті: Тұрғын үй массивтері, саябақтар мен қоғамдық орындар, оқу орындары мен мекемелердің аумақтары тазартылады.

Бұл шаралар қалалық қызметтердің ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындардың белсенділігімен жүзеге асты Индустриалды аймақта өткен тазалық акциясы — партиялық бастаманың, қоғамдық белсенділіктің және экологиялық жауапкершіліктің нақты көрінісі болды. Қарапайым сенбілік арқылы қаладағы өндірістік және саяси құрылымдар бір мақсатта — таза, қауіпсіз әрі мәдени орта қалыптастыруда жұмыла әрекет ете алатынын көрсетті. Болашақта бұл тәжірибе тұрақты жүйеге айналып, өндірістік аймақтарда экологиялық стандарттарды сақтаудың үлгісі болуы тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *