«Асыл мұра» фестивалі – ұлттық өнерді дәріптейтін тағылымды шара

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала тұрғындары мен қонақтарына алдағы күндері өтетін маңызды мәдени шара – «Асыл мұра» дәстүрлі өнер фестивалі туралы кеңінен баяндады.

Әкім орынбасарының айтуынша, бұл фестиваль – тек мерекелік кеш қана емес, халықтың рухани байлығын дәріптеп, ұлттық өнерді жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған ауқымды жоба.

«Айта кететін дүние, мен өткенде де хабарлаған болатынмын. Осы қыркүйек айының 26-27 күндері «Қызғалдақ» сарайында «Асыл мұра» дәстүрлі өнер фестивалі өтетін болады. Бұл шара – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ән-күй, жыр-терме дәстүрін кеңінен насихаттайтын ерекше мүмкіндік. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастардың рухани дүниесін байытуды көздейтін бұл мәдени жоба көпшілік үшін маңызды іс-шара болмақ», – деді Сәрсен Құранбек.

Фестивальдің бағдарламасы екі күнге жоспарланған. Алғашқы күні, яғни 26 қыркүйекте еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас дарындар өз өнерін көрсетеді. Балалар арасында өтетін байқау – болашақ өнерпаздардың алғашқы қадамын нық басуына жол ашпақ. Ал 27 қыркүйекте сахна ересек орындаушыларға беріліп, тәжірибелі өнер иелері дәстүрлі мәдениетіміздің озық үлгілерін ұсынады.

«Бұл күндері көрермен назарына Қазақстанның Халық әртістері мен елге танымал өнер тарландары шығады. Атап айтқанда, Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Рысқали және тағы басқа көптеген белгілі тұлғалар өнер көрсетеді. Олар халыққа саф өнердің, ұлттық сарынның көркем үлгісін паш етпек», – деді әкім орынбасары.

Мәдени шараға кіру барша қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін болады.

«Фестиваль 26-27 қыркүйек күндері сағат 15:00-де басталады. Баршаңызды және сіздер арқылы бізді тыңдап, көріп отырған қала тұрғындары мен қонақтарын осы фестивальге шақырамыз. Бұл – әркім үшін рухани демалыс, өнерді сезініп, ұлттық құндылықтарымызбен сусындауға таптырмас мүмкіндік. Уақыттарыңызды тиімді өткізуге септігін тигізетін тағылымды шара болады деп сенеміз», – деді Сәрсен Құранбек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Асыл мұра» фестивалінің негізгі мақсаты – ата-бабалардан жеткен асыл қазынаны жаңғырту, дәстүрлі өнерді насихаттап, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін күшейту. Фестиваль аясында ән, күй, жыр, терме сияқты халық өнерінің бай мұрасы ұсынылады. Әрбір өнер нөмірі жас ұрпаққа өнеге болып, ұлттық мәдениеттің қайнарынан нәр алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, кешті елімізге танымал фольклортанушы ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Берік Жүсіп жүргізетін болады. Бұл да шараның мазмұнын тереңдетіп, көрерменге қызықты әрі тағылымды әсер сыйлайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *