Қазан айы Шымкентте мерекелік іс-шараларға толы болмақ

Шымкент қаласында қазан айы ерекше көңіл-күй мен мерекелік шараларға толы болмақ. Қала тұрғындары мен қонақтарын түрлі мерекелерге арналған концерттер мен мәдени іс-шаралар күтіп тұр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Қарттар күні – аға буынға құрмет

Қазан айының алғашқы мерекесі  1 қазан – Халықаралық Қарттар күні. Шымкентте бүгінгі таңда 90 мыңнан астам қария тұрады.

– Қашанда үлкенін сыйлап, кішісіне ізет көрсеткен халықпыз. Қазақ қоғамында үлкен кісілердің алатын орны ерекше. Ұрпақ жалғастығы мен дәстүр сабақтастығы осы қазыналы қариялар арқылы жалғасады. Әсіресе оңтүстіктегі қазақи ортада қарттарға құрмет көрсету – ежелден қалыптасқан заңдылық», – деді Сәрсен Құранбек.

Халықаралық қарттар күні аясында қалада ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Қарттар үйлерінде концерттер өткізіліп, басты салтанатты жиын сағат 12:00-де «Royal Rose» мейрамханасында өтеді. Мұнда түрлі салада еңбек еткен 200-ден астам ардагерге сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталады.

Ұстаздар күні – рухани мереке

5 қазан – Ұстаздар күні. Бұл мереке де Шымкентте кең көлемде атап өтіледі. Осыған орай 3 қазан күні сағат 17:00-де «Қызғалдақ» сарайында ұстаздарға арналған арнайы концерттік бағдарлама өтеді. Бұл күні жергілікті өнерпаздар мен жастар ұстаздарға арнаған өнерін паш етіп, үздік педагогтарға марапаттар тапсырылады.

Құтқарушылар күні – бейбіт күннің батырларына құрмет

Қазанның 19-ы – Құтқарушылар күні. Бұл мереке назардан тыс қалмайды.

– Соңғы жылдары Шымкентте бірқатар төтенше жағдайлар болды. Өткен жылы күкірт қоймасындағы өрт, жуырда кафеде шыққан тілсіз жау – бәріне де дер кезінде көмек көрсеткен біздің құтқарушылар. Олар қажет болған жағдайда өмірін қатерге тігіп, халыққа қызмет етеді. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында оларға айрықша құрмет көрсетіледі, – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Аталған мерекеге орай 17 қазан күні «Қызғалдақ» сарайында салтанатты концерт ұйымдастырылады. Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаға жергілікті өнерпаздар қатысады.

Айта кетсек, биыл құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесі — Төтенше жағдайлар министрлігінің  30 жылдығымен бірге атап өтуде. Осыған орай республика көлемінде «30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясы өтіп жатыр. Шымкенттік құтқарушылар да ардагерлерге, балаларға, табиғат пен жануарларды қорғауға арналған түрлі қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруда.

Республика күні – елдік мереке

Қазан айындағы ең үлкен мерекелердің бірі  25 қазан – Республика күні.

– Жалпы ресми түрде біз 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді алдық деп айтылғанымен, шындап келгенде ол Тәуелсіздік ертерек басталған болатын. 1990 жылы 25 қазанда осы біздің алғашқы Тәуелсіздігіміз тұңғыш рет айтылып, хабарланды деп айтсақ артықтық етпес. Ал енді кейіннен 16 желтоқсан етіп мемлекеттің жариялауы, тануы, басқасы бар ол процестер жүзеге асырылды ғой. Дегенмен азаттықты аңсаған, еркіндікті мақсат тұтқан қазақтың алғаш  Тәуелсіздікті сезінгені сол 1990 жылдары 25 қазанда болды ғой деп есептейміз, – деді Сәрсен Құранбек.

Бұл мерекеге орай қалада бірқатар мәдени іс-шаралар өтеді. Атап айтқанда, 24 қазан күні – «Қызғалдақ» сарайында мерекелік концерт өтеді. Бұл күні еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті марапаттар, сондай-ақ «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал 25 қазан күні – Астана алаңында сағат 19:00-де қала тұрғындары мен қонақтарына арналған үлкен гала-концерт ұйымдастырылады. Еліміздің танымал әншілері мен жергілікті өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *