Шымкент қаласында жаңа 2025–2026 оқу жылына орай мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау басты назарда тұр. Қала әкімдігі мен білім басқармасының бастамасымен арнайы іс-жоспар бекітіліп, білім ошақтарында жүйелі түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда қала бойынша 62 жалпы орта мектепте (оның ішінде 44-і мемлекеттік, 18-і жекеменшік) 409 оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамай жүргені анықталды. Бұл оқушылардың басым бөлігі белгіленген формаға сәйкес келмейтін киім киіп, негізінен орамал тағу талапқа сай еместігімен ерекшеленіп отыр.
Мәселені шешу мақсатында барлық білім беру ұйымдарында профилактикалық кеңестер құрылды. Кеңес құрамына мектеп әкімшілігі, білім басқармасының өкілдері, учаскелік полиция инспекторлары және теолог мамандар енгізілген. Олар ата-аналармен кездесіп, мектептің ішкі тәртіп ережелері мен бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, форма талаптарын орындамаған оқушылардың тізімі жасалып, ата-аналары туралы мәліметтер жинақталды. Аталған оқушылар мектепішілік есепке алынды.
Мәселен, 2021 жылы ашылған «Интеллект» физика-математикалық лицейінде бүгінде 659 оқушы білім алуда. Бұл лицейде барлық оқушылар мектеп формасын толық сақтап келеді, бұл талаптың орындалуы – жүйелі жұмыс пен ата-аналармен тиімді байланыстың нәтижесі.
Егер алдағы уақытта оқушылар тарапынан формаға қатысты талаптар сақталмаса, ата-аналарға заң аясында шара қолдану көзделіп отыр. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 409-бабы 2-тармағына сәйкес, ата-аналардың жауапкершілігін қарау үшін тиісті құжаттар Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданатын болады.
Айта кетейік, өткен 2024–2025 оқу жылында да бұл мәселе өзекті болған. Ол кезде 74 мектепте 563 оқушының мектеп формасын сақтамағаны анықталған еді. Нәтижесінде 326 ата-ананың ісі құзырлы органдарға жолданып, 90 әкімшілік іс қозғалып, 63 ата-анаға ескерту берілсе, 27 ата-анаға айыппұл салынған.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралардың негізгі мақсаты – жазалау емес, мектептерде бірыңғай тәртіпті сақтау, оқушыларға тең жағдай жасау және оқу процесінің сапасын арттыру. Ортақ ереже мен тәртіпке бағыну – мектеп мәдениетінің негізі.