Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, шаһарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі бекітілген. Бағаны тұрақтандыру мақсатында әкімдік ірі сауда желілерімен және отандық өндірушілермен келісімшарттар жасады. Осы келісімдер негізінде бүгінде сексенге жуық әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істеп тұр», — деді Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында.
Қала әкімі орынбасарының мәліметінше, аталған сауда нүктелерінің 22-сі “Грамад”, 26-сы “Магнум”, 2-сі “Маркет” сауда желілеріне тиесілі. Сонымен қатар, «Қасқасу С» шаруа қожалығының бес көкөніс сауда нүктесі мен бес ет павильоны, сондай-ақ «Бәйтерек» шаруа қожалығының үш ет павильоны халыққа қолжетімді бағамен өнім ұсынып отыр.
Қала әкімі тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік сауда желісін кеңейту бағытында жаңа форматтағы “Бақша” әлеуметтік дүкендері іске қосылды. Қазір Шымкенттің халық тығыз орналасқан аумақтарында он төрт осындай дүкен жұмыс істейді.
«Бұл дүкендерде бірінші қажетті азық-түлік тауарлары нарықтағыдан төмен бағамен сатылады. Мұндағы басты мақсат – тұрғындарды қолжетімді өніммен қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту», — деді қала әкімінің орынбасары.
Қазіргі уақытта қала аумағында қосымша “Бақша” дүкендерін ашу жұмыстары жалғасуда. Әкімдік әлеуметтік бағыттағы бұл бастаманы тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр.
Шымкентте әлеуметтік қолжетімділікті арттырудың тағы бір тиімді жолы – апталық азық-түлік жәрмеңкелері. Қалада алты нүктеде тұрақты түрде жәрмеңке өткізіліп келеді. Мұнда тұрғындар күнделікті тұтынатын тауарларды нарықтағы бағадан 10–15 пайыз төмен бағамен сатып ала алады.
«Аптасына шамамен жүз елу тонна тауар сатылымға шығарылады. Оған тек жергілікті кәсіпкерлер ғана емес, Түркістан және Жамбыл облыстарынан келген шаруалар да қатысады», — деп атап өтті Сәрсен Құранбек.
Жәрмеңкелердің өткізу орындары:
- Әр жұма күні — “Шымсити” шағын ауданындағы №21 үй алдындағы автотұрақта;
- Әр сенбі күні — “Тұран-2” шағын ауданындағы №43 үйдің қарсы бетінде, “Қажымұқан” атындағы стадион аумағында және “1000 ұсақ-түйек” дүкені маңында;
- Әр жексенбі күні — “Тұран” шағын ауданындағы “Zharqyn tau” сауда үйі алдында және “Астана” шағын ауданындағы №74, №77 үйлердің артындағы алаңда өтеді.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында әкімдік ірі сауда желілерімен меморандумдар жасап, “Береке Fest” атты республикалық акцияға қатысып отыр. Бұл акция аясында әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеңілдетілген бағамен сатылуда.
Қорытындылай келе, Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғындарды қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету және отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Әкімдік бұл бастаманы халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетігі ретінде қарастырады.