Қазанның 12–15 күндері аралығында Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Иран Ислам Республикасының үшінші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтеді. Бұл іс-шара екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды халықаралық алаң болмақ. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Шымкент әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек атап өтті.
Спикердің айтуынша, көрме аясында инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттар бойынша жетекші ирандық компаниялар өз өнімдерін ұсынбақ.
«Көрмеде тағам өнімдері, тәттілер, сүт және құрғақ сүт өнімдері, тұрмыстық химия мен гигиеналық тауарлар, сондай-ақ жоғары сапалы иран кілемдері сатылады. Иранның кілемдері әлемдік деңгейде жоғары бағаланады, сондықтан бұл көрме тұрғындар үшін ерекше мүмкіндік болмақ», — деді Сәрсен Құранбек.
Сонымен қатар, көрмеде полимерлі құбырлар, құрылыс материалдары, болат және алюминий өнімдері, жиһаз, тоқыма және тұрмыстық техника, логистика мен сауда қызметтеріне арналған құрал-жабдықтар, сондай-ақ мұнай-газ саласына қажетті инженерлік және техникалық жабдықтар да ұсынылады.
«Біз бұл көрмені қазақстандық және ирандық кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнатып, өзара тиімді серіктестікке жол ашатын іскерлік алаң ретінде қарастырамыз», — деді әкімнің орынбасары.
Көрмеге Иранның Сауда палатасы, «Нуре Тус» экспортты басқару орталығы, сондай-ақ Иран мен Қазақстанның іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысады.
Бұл шара Қазақстан тарапынан да үлкен қызығушылық тудырып отыр. Көрмеге мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері мен бизнес қауымдастықтар қатыспақ.
«Осындай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар еліміздің халықаралық беделін арттыруға, жаңа серіктестік бағыттарын дамытуға және отандық кәсіпкерлердің экспорттық әлеуетін күшейтуге септігін тигізеді», — деп атап өтті Сәрсен Құранбек.
Көрме барысында келушілерге сауда келісімдерін жасауға, өз өнімдерін таныстыруға және жаңа нарықтарға шығу жолдарын талқылауға мүмкіндік беріледі.
Иран Ислам Республикасының үшінші сауда-өнеркәсіптік көрмесі — Шымкенттің халықаралық экономикалық қарым-қатынастардағы беделін арттырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды алаң болмақ.
Жалпы Шымкент қаласы үшін мұндай көрмелердің өткізілуі қала экономикасына жаңа серпін береді. Себебі, көрме барысында жергілікті кәсіпкерлер шетелдік өндірушілермен тікелей байланыс орнатып, өз өнімдерін экспорттауға немесе импорттық бағыттағы ынтымақтастықты жолға қоюға мүмкіндік алады. Мұндай халықаралық форматтағы шаралар тек сауда қатынастарын дамытуға ғана емес, тәжірибе алмасуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Бұл — еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты іс.