Пәтерді жалға алған 429 жас тұрақты баспанаға қол жеткізді

Шымкент қаласында жұмыс істеп жүрген жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі тұрақты бақылауда. Мемлекет тарапынан жастарға тұрғын үй қолжетімділігін арттыру мақсатында соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында айтты.

– «Жалпы, 2009–2025 жылдар аралығында жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз барлығы 3 849 пәтер жалға берілген болатын. Бұл – жастарды әлеуметтік қолдаудың және баспанамен қамтудың маңызды қадамы», – деді Сәрсен Құранбек.

Биылғы жылдың қаңтар айында осы бағдарлама аясында 800 қатысушының жалға алу мерзімі аяқталған. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында бірлескен «Қамқор» өңірлік бағдарламасы іске қосылып, оған 20,2 млрд теңге бөлінген. Оның 8,4 млрд теңгесі бүгінде игеріліп, 429 азамат несиемен қамтылып, пәтерге қол жеткізген.

– «Бағдарлама аясында тек жаңа емес, екінші нарықтағы пәтерлерді де, тіпті жер үйлерді де сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл – жастарға беріліп отырған ерекше мүмкіндік. Әкімдік пен «Отбасы банк» бірлесе отырып, жастардың баспаналы болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр», – деді қала әкімінің орынбасары.

Алайда, бағдарламаға қатысушылардың барлығы бірдей шарттарды орындай алмаған. Сәрсен Құранбектің айтуынша, 189 азаматқа банк тарапынан несие беруден бас тартылған. Оның ішінде 112-сінде төлем қабілеттілігі жеткіліксіз, 77 азаматтың несие тарихы нашар болған. Сонымен қатар, 229 адам әлі күнге дейін банкке жүгінбеген.

– «Олардың ішінде 45 азамат басқа бағдарлама арқылы баспана алған болып шықты. Бұл бағдарлама – жастарға арналған нақты қолдау. Сондықтан ондай жағдайда пәтерді дер кезінде босату қажет. Бұл туралы тұрғын үй басқармасына ескерту берілді», – деді ол.

Бүгінде 43 азаматтың құжаттары банкте қаралу үстінде.

Пәтерді жалға алу шартын бұзғандарға қатысты нақты шаралар қабылдануда. Мәселен  3849 басананың 451 пәтері коммуналдық меншікке қайтарылған, ал 439 пәтер бойынша сот органдарына талап арыз жолданған. Оның екеуі сот шешімімен қанағаттандырылды.

Қала әкімінің орынбасары жастарға арналған тұрғын үй саясатының басты мақсаты – жұмыс істейтін жастардың өз баспанасына қол жеткізу мүмкіндігін арттыру екенін атап өтті.

Қорыта айтқанда, Шымкент қаласында жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру бағытында нақты нәтижелер бар. «Қамқор» өңірлік бағдарламасы – осының айқын дәлелі. Мемлекет пен жергілікті биліктің қолдауы арқасында жүздеген жас өз баспанасына қол жеткізіп, болашаққа нық қадам басуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *