«Таза Қазақстан»: Жыл басынан бері 27 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұйымдастырылған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жүйелі түрде жалғасып келеді. Қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің мәліметінше, әр апта сайын өткізілетін сенбіліктер қаланың тазалығын қамтамасыз ету мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шара болып отыр.

– «Жыл басынан бері біз әр апта сайын сенбілік ұйымдастырып келеміз. Жыл басынан бері бұл сенбіліктерге барлығы 643 мыңға жуық адам, 2 580 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 720 әлеуметтік объекті, 10 850 бірлік техника жұмылдырылды. Осы сенбіліктердің нәтижесінде қала аумағынан 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды», – деді Сәрсен Құранбек.

Акция аясында қалада 25 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Бұл әсіресе «Астана» және»Шымсити» шағынаудандарындағы жаңадан пайда болған көшелер мен басты жолдарда жыл соңына дейін ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Ағаш отырғызу қазан айының соңында арнайы тәртіппен жүргізіледі.

– «Аула ішіндегі, кварталдық және көпқабатты тұрғын үйлердің ауларына да шамамен 10 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл шара қала тұрғындарының демалысын ұйымдастыруға және тұрғын үй аумақтарын жасыл желекпен безендіруге бағытталған», – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, акция барысында қала аумағының жалпы көлемі 400 мың шаршы метрге дейін көгалдандырылды, бұл 27 көшені қамтыды. Жоспарланған жұмыстардың орындалу деңгейі бүгінде 85 пайызға жетті.  Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1,4 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.

Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау мақсатында бірнеше жаңа саябақ ашылды. Солардың ішінде Тұран-2 шағынауданында бір саябақ пайдалануға берілді. Сондай-ақ, А.Молдағұлова көшесіндегі №4 үйдің алдындағы аумақ, Жангелдин көшесіндегі «Қарасу» өзенінің маңы, Диваев көшесі бойы, Жібек жолы мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысы және Шымсити шағын ауданындағы Есімхан көшесі бойындағы аумақтарда бес жаңа саябақ құрылысы жалғасуда.

– «Бүгінгі таңда «Отбасы» аллеясы, Нұрсат шағынауданындағы «Бәйтереков» гүлзары, «Этно», «Абай», «Жеңіс» және «Алатау» саябақтарында балалар ойын және спорт алаңдары халық игілігіне тапсырылды», – деді Сәрсен Құранбек.

Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы мен сенбіліктердің арқасында Шымкент қаласы тек қана көрікті әрі жасыл желекті қалалар қатарына қосылып қана қоймай, тұрғындарға демалысқа, ойын-сауыққа және салауатты өмір салтын ұстануға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастамалар қала экологиясын жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болып саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *