С.Құранбек: Қаңғыбас иттердің адамға қаупі болмаса, көзін жоюға құқығымыз жоқ

Шымкент қаласында қаңғыбас жануарларға қатысты жұмыстар Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңы аясында жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми өкілі, шаһар басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қала көшелерінде қаңғыбас иттердің көбеюі туралы жиі жазбалар жарияланып жүргені белгілі. Осыған байланысты Сәрсен Құранбек мәселе назардан тыс қалмайтынын, жануарларға қатысты барлық іс-шаралар заң аясында атқарылып жатқанын атап өтті.

«Қоғамда қаңғыбас иттер көбейіп кетті деген пікір жиі айтылады. Алайда бұл мәселе бір күнде шешілетін шаруа емес. Біз барлық әрекетті гуманизм қағидаты негізінде жүзеге асырамыз. Себебі заң бойынша, егер жануардың адамға жұғатын инфекциялық ауруы болмаса, біз оның көзін жоюға немесе ұзақ уақыт ұстауға құқымыз жоқ», — деді қала әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, жануар уақытша ұстау пунктіне түскеннен кейін төртінші күні стерилизациялау туралы шешім қабылданады. Бұл шешім жануардың жағдайы мен мінез-құлқына байланысты жүзеге асады.

«Стерилизация – шағын хирургиялық операция. Операциядан кейін жануардың жынысына қарай әртүрлі мерзіммен бақылауда ұстаймыз. Ұрғашы иттер мен мысықтар 11 күнге дейін, ал еркектері 4 күн бойы орталықта болады. Егер агрессивті мінез байқалмаса және операциядан кейінгі асқынулар болмаса, олар бұрынғы мекен ортасына, яғни көшеге қайта жіберіледі», — деп түсіндірді Сәрсен Құранбек.

Бүгінге дейін жүргізілген ветеринарлық және санитарлық шаралардың нәтижесінде 1 302 ит пен 145 мысық зарарсыздандырылған. Оның ішінде 1 040 еркек ит және 262 ұрғашы ит, сондай-ақ 96 еркек және 49 ұрғашы мысық бар. Әрбір стерилизацияланған жануарға тиісті екпе егілген.

Қазіргі таңда Шымкенттегі үй жануарларын уақытша оқшаулау орталығында 450 зарарсыздандырылған ит пен 11 мысық бар. Ал 815 ит пен 91 мысық өздерінің табиғи мекен ортасына қайта жіберілген. Бұдан бөлек, 43 мысық еріктілердің қамқорлығына тапсырылса, 16 ит жеке тұлғалардың қарауына берілген.

«Өкінішке қарай, кейбір жағдайларда жұқпалы дерттің белгісі анықталған иттер де кездеседі. Мысалы, 21 иттің бойында адамға жұғуы мүмкін жазылмайтын инфекциялық аурулар анықталды. Мұндай жағдайда біз заң аясында олардың көзін жойдық», — деді әкім орынбасары.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, жүргізіліп жатқан барлық шаралар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң мен нормативтік-құқықтық актілерге толық сәйкес келеді. Аталған жұмыстар қала аумағындағы жануарлар санын реттеу, адамға жұғатын аурулардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *