Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Тәжікстанның Душанбе қаласына келді. Мемлекет басшысын халықаралық әуежайда Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода қарсы алды.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен келіссөздер өткізеді және «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысады. Ертең Қазақстан Президентінің ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысуы жоспарланған.
Кездесу барысында екі елдің Президенттері Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бейіл екендіктерін растады. Тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға «Орталық Азия – Ресей» саммитін, сондай-ақ ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын табысты өткізуге тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы саммитке қатысу үшін Душанбедегі Қабылдаулар сарайына келді, мұнда оны Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды.