Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына – 30 жыл
Елімізде жыл сайын 19 қазан күні кәсіби мереке — Құтқарушылар күні атап өтіледі.
Бұл күн азаматтық қорғаныс жүйесінің құрылуы мен даму тарихында ерекше мәнге ие.
Биылғы мереке Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Атаулы күнге орай Шымкент қаласында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Өз сөзінде қала әкімі азаматтық қорғаныс саласының қоғамдағы маңызына тоқталып, төтенше жағдай кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құтқарушылардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.
– Еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз –
ерлік пен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі.
Сіздер адамдарды құтқару жолында күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп,
борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер.
Осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және қызметтеріңізге табыс тілеймін, –
деді Ғабит Сыздықбеков.
Салтанатты жиын барысында үздік қызметкерлер мен ардагерлерге алғыс хаттар, сондай-ақ арнайы қызметтік көліктердің кілттері табысталды.
Бұл марапаттар – төтенше жағдайлардың алдын алуда және салдарын жоюда ерекше көзге түскен қызметкерлердің еңбегіне берілген лайықты баға болды.
Іс-шара аясында қала әкімі Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесін аралап, жаңа техникалардың техникалық мүмкіндіктерімен танысты.
Бүгінгі таңда Шымкент қалалық ТЖ департаментінің құрамында мыңға жуық қызметкер еңбек етеді.
10 өрт сөндіру бекеті мен жедел-құтқару жасағының мамандары тәулік бойы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Қаланың қауіпсіздік инфрақұрылымы жаңартылуда
Қала аумағының кеңеюіне байланысты соңғы жылдары құтқару инфрақұрылымын жаңарту және күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда:
Жаңа өрт сөндіру бекеттерін салу;
Жедел жәрдем мен полиция қызметін біріктіретін көпфункционалды орталықтар құру;
Өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашу;
43 жаңа құрал-жабдық сатып алу сияқты маңызды шаралар жүзеге асқан.
Сонымен қатар, құтқарушылардың кәсіби дайындығын арттыру мақсатында спорттық және оқу-жаттығу алаңдары ашылып, жүйелі түрде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Құтқарушылардың еңбегі – нағыз ерліктің үлгісі.
Олар адам өмірін құтқару жолында уақытпен санаспай еңбек етіп, төтенше жағдайдың алдын алу және оның салдарын жою бағытында күн сайын жауапты қызмет атқарып келеді.
Қалалық әкімдік пен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мен заманауи құтқару жүйесін дамытуға ерекше назар аударып отыр.
Құтқарушылар күні – бұл тек кәсіби мереке емес, ерлік пен азаматтық борышқа адалдықты дәріптейтін маңызды күн.
Шымкент қаласының құтқарушылары өз міндеттерін абыроймен атқарып, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында табанды еңбек етуде.
Олардың ерлігі мен қажырлы еңбегі – қоғамның сенімі мен құрметіне лайық.