Шымкент қаласында тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту және өз ісін бастауға жағдай жасау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары табысты жүзеге асуда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл Шымкент қаласында қайтарымсыз гранттар берудің үшінші легі басталғалы отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл қолдау азаматтарға өз бизнесін ашуға немесе бар кәсіпті дамытуға үлкен мүмкіндік бермек.
«Биыл Шымкент қаласында қайтарымсыз грант бойынша үшінші лек өткелі отыр. Ол осы айдың 20 қазанынан басталып, 3 қарашаға дейін жалғасады. Өтінімдерді Business.enbek.kz порталы арқылы жолдауға болады. Бұл – кәсіп бастағысы келетін немесе өз ісін дамытамын деген азаматтар үшін нақты мүмкіндік», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Өтінім беру үшін Business.enbek.kz порталында тіркеліп, грант шарттарына сәйкестікті растап сонымен қатар бизнес-жоспарды толтыру қажет. Айта кетейік өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қою керек. Сондай-ақ, мансап орталықтары немесе ХҚКО-лардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары арқылы өтініш беруге болады. Комиссия шешімі порталдағы жеке кабинетке жіберіледі. Қолдау тапқан жағдайда, шартқа қол қойылып, қаражаттың жұмсалуы бойынша тоқсан сайын есеп беріледі – бәрі электронды форматта.
Биылғы үшінші кезең аясында барлығы 93 қатысушыға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Әрбір қатысушыға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 572 800 теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл қаражаттың басты мақсаты – азаматтарға өз ісін ашуға немесе бұрыннан бар бизнесін кеңейтуге қолдау көрсету.
Мемлекеттік грант тек бір рет беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер бірқатар талаптарға сай болуы қажет. Ең алдымен, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар қатыса алады. Бірақ олардың жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған мерзімі үш жылдан аспауы тиіс. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің де тіркелу мерзімі үш жылдан аспаған болуы қажет.
«Біз үшін басты мақсат – адамдарға табыс табуға жағдай жасау. Грант беруде әлеуметтік осал топтарға да ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, мүгедектігі бар тұлғалар, көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар, қандас мәртебесі бар азаматтар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылғандар, сондай-ақ өңіраралық қоныс аударушылар осы бағдарламаға қатыса алады», – деді Сәрсен Құранбек.
Мемлекет тарапынан грант алудың тағы бір маңызды шарты бар – қатысушы «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінен өткенін және соңғы үш жыл көлемінде тиісті сертификат алғанын растауы тиіс. Бұл шарт грант иегерлерінің кәсіп бастауға нақты дайын болуын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары гранттық қолдау арқылы өз кәсібін ашқан шымкенттіктердің саны жыл сайын өсіп келеді. Олардың арасында тігін, кондитерлік, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында табысты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұндай бағдарламалар қаланың экономикалық дамуына ғана емес, тұрғындардың әлеуметтік тұрақтылығына да оң әсерін тигізеді.