Сәрсен Құранбек: «Экопарк — қаладағы үлкен демалыс аймағына айналады»

Шымкент қаласында экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Көгалдандыру мен абаттандыру — мегаполис дамуының маңызды басымдығының бірі. Бүгінде қалада табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар қолға алынған. Соның бірі – Абай ауданындағы бұрынғы қоқыс полигонының орнына салынып жатқан «Экопарк».

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Абай ауданында ескі қоқыс полигоны бар екенін бәріңіз білесіздер. Осы әуежайға бара жатқан жолда қаншама жыл бос жатқан аумақты көрдіңіздер. Сол жерде біз «Экопарк» салуды қолға алдық. Жұмыс басталып кетті. Бұл жерде көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде», — деді Сәрсен Құранбек.

Спикердің айтуынша, «Экопарк» жобасы аясында бірнеше отандық компаниялар демеушілік танытып отыр. Мәселен, «Dani нан» компаниясы өз қаражаты есебінен 5 мың дана ағаш көшетін (рябина, дуб, катальпа, ясень, клён, черемуха, тополь, липа) отырғызуды жоспарлауда.

«Біз егілетін ағаштарға да нақты талап қойдық. Әрбір көшеттің биіктігі кем дегенде үш метрден басталып, жеті метрге дейін болуы тиіс. Кейбір ағаштардың биіктігі жеті метрден де асады. Бірінші талап осы», — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, «BI GROUP» компаниясының есебінен тоғыз су ұңғымасы қазылып, 13 гектар аумаққа автоматты суғару жүйесі орнатылмақ. Бұл жоба жасыл желекті аумақтың ұзақ мерзімді күтімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал «DALA FRUIT» компаниясы 1800 дана ағаш отырғызып, 1215 шаршы метр жерге сәндік өсімдіктер егуді және 8 гектар аумаққа тамшылатып суғару жүйесін орнатуды өз мойнына алды.

«Бұйыртса, бұл жер қаламыздағы ең көрікті орындардың біріне айналады. Экопарк аумағында балалардың ойын алаңшасы, жүгіру жолдары, демалыс аймақтары қарастырылған. Бұл – тек жасыл желек емес, тұрғындарымыз бен қала қонақтары үшін үлкен, қолайлы демалыс ортасына айналады деп жоспарлап отырмыз», — деді Сәрсен Құранбек.

Мұндай жобалардың жүзеге асуы қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, табиғатқа ұқыптылық пен еңбек адамдарының еңбегін дәріптеудің көрінісі болып отыр. Жер қазушылардан бастап көгал күтушілерге дейінгі әрбір еңбек адамының қажырлы жұмысы Шымкенттің жасыл келбетін қалыптастыруға үлес қосуда.

Шымкент әкімдігі келешекте осындай экологиялық және әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр. Экопарк – табиғатты қорғау мен еңбекке құрметті ұштастырған заманауи қалалық бастаманың айқын үлгісі болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *